Шымкенттік Любовь Почивалова 30 жылдан бері мергендерді тәрбиелеп келеді

347
inform.kz

Шымкенттік мерген Любовь Почивалова отыз жылдан астам уақытын жаттықтырушылыққа арнаған. Спорттың стенд ату түрінен жасөспірімдерді жаттықтыратын әйел бұл күнде аяулы ана, сүйікті әже атанған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Любовь Почивалова мектеп қабырғасында оқып жүріп, мұғалім болуды армандапты. Алайда ол жоғары оқу орнында спорт факультетін тәмамдаған. Институтта оқып жүріп, болашақ өмірлік жолдасы, еркін күрестен спорт шебері Владимир Почиваловпен танысады. «Жаттықтырушы болу менің тағдырым болды деп айтар едім. Мен сол кісіге тұрмысқа шықтым. Ол үйленген кезден кейін-ақ мені ату алаңына алып келді. Біз бірге стенд ататын болдық. Оның маған алғашқы сыйлығы да осындай спорттық қару болатын. Маған кейіннен спорттың осы түрі қатты ұнады. Бұл екеуміздің отбасылық сүйікті спортымызға айналды. Ал, 1989 жылдан бастап мен күйеуімнің шақыртуымен осында стенд ату бойынша жаттықтырушы болып ауыстым»,- дейді үш ұл-қыздың анасы.

Өмірден ерте озған Владимир Почивалов әйелін үнемі аңшылыққа, балық аулауға алып барып жүрген. Сөйтіп мергендіктің қыр-сырын тек ату алаңында емес, табиғат аясында да үйреткен. Содан бері Любовь стенд атуды өзі үреніп қана қоймай, қаншама спортшыны үлкен спорттың додасына қосты. Отыз жылдан астам уақыт аралығында шәкірттерінің арасынан Әлем біріншілігінің алтын, күміс жүлдегерлері, Азия чемпиондары шықты. Бұл күнде өзі баптаған шәкірттері ұл-қыздарындай болып кеткен. Себебі, әрқайсысының мінез-құлқын, сүйікті тағамын, тәрбиесін жаттықтырушысы жақсы біледі. Олар да әр жылы 8-ші наурыз мерекесінде жаттықтырушыны келіп құттықтап, гүл сыйлауды ұмытпайды.

«Біз жаттығуға балаларды 11 жасынан бастап қабылдаймыз. Бұл кезең бала мен жаттықтырушының бір-бірімен үйренісуге өте ыңғайлы кезі. Стенд ату адамды жинақы болуға, жедел, дұрыс шешім қабылдауға үйретеді»,- дейді жаттықтырушы әйел.

Қашанда ізденуден жалықпайтын маман ұл-қыздарын да, немерелерін де осы спорт түріне баулыған. Бүгінде стенд ату спорты оның жанұясының бір бөлшегіне айналғандай.

«Күйеуім екеуміздің ата-бабаларымыз аңшылар, балықшылар және әскерилер болған. Сол қасиет біздің де балаларымыздың бойынан табылды. Мәселен, отағасы екеуміз үйленгенде барлық балаларымыз спортпен шұғылданса деген арманымыз болатын. Қазір сол арманымызға жеттік. Бұл спорт олардың адам болып қалыптасуына өз өмірден орнын табуына септігін тигізді. Немерелерім бірі бірі суда жүзумен, ендігі бірі садақ атумен айналысады. Қызым Оксана Середа да осы спорт түрінен жаттықтырушы. Ол азиялық Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері. Мен оның осы мамандықты таңдағанына қуанамын. Ату алағына келген шәкірттерімді көргенде көкірегімді қуаныш сезімі билейді»,- дейді Любовь Почивалова.

«Шынымды айтсам, қашан зейнеткерлікке шығатынымды өзім де білмеймін. Қазір менде жаттығып жүрген балалар өте көп. Стенд ату спортынан қандай да бір тәжірибелік оқулықтар жоқ. Сондықтан мен жинақтаған тәжірибемнен көп сабақ алып, өзімді үнемі дамытуға тырысамын. Кәсіби спортшылардан үйренгенімді балалардың бойына сіңіруге тырысамын. Оларға бар білгенімді үйретіп жүргеніме мен өзімді бақытты санаймын. Бос уақытымда немерелеріме көп уақыт бөлуге тырысамын. Саяхаттап, серуендеп, қыдырғанды да жақсы көремін» — дейді жаттықтырушы.