Арғынбеков көшесіндегі қазылған шұңқырлар қашан қалпына келеді?

521

«Тегіс жолды қазып, үңгірлерді жаппай кетті. Жылға жуық уақыттан бері бұл ақау көлік тұрмақ, адамның өзіне қауіп төндіріп, мазамызды қашырды». Шымкенттегі «Шапағат-2» шағынауданы, Арғынбеков көшесінің тұрғындары осылай деп арызданып отыр.

Мұндай шұңқырлар (суретте) «Шапағат-2» шағынауданы, Арғынбеков көшесінің тұрғындарын әбден мезі еткен. Сөздеріне сенсек, қала аумағына жылу құбырларын жүргізу үшін көше қазылып, астынан құбырлар тартылған-ды. Жұмыстың басталғанына жылға жуықтағанымен, сол уақыттан бері қазылған жол қалпына келмеген. Көктемнің жаңбырлы күндері бұл шұңқырлар суға толып, жер батпаққа айналады екен. Сондықтан, тұрғындар үстіне тас төсеп, амалдауға көшіпті. Бірақ мұның өзі көмектеспейтінін айтып, шағымданды.

Қайрат Ысқақов, «Шапағат-2» шағынауданының тұрғыны: «Шұңқырларды жабу керек. Мен егде жастамын, ал мектеп жасындағы балалар ше?! Сосын, балабақшаға баратындар бар. Олар күн сайын осы шұңқырлар толы жолмен жүреді. Шұңқырға құлап кетсе не болады? Терең ғой бұл шұңқырлар, ертең қайғылы оқиға болса, кім жауап береді?!»

«Жолдағы шұңқырларды әні жабады-міні жабады деп жүргеніне — 7-8 ай болды ғой. Бірақ, еш нәтиже жоқ! Көшені толық жаппаса да, үйімізге кіретін жолды тегістеп берсінші! Біз көпір салып берсін деп жатқанымыз жоқ, тек көшені дұрыстап берсін, болды! Күндіз көшемен абайлап жүреміз, ал түнде бұл жол өте қауіпті, жолдың шұңқырларынан бейхабар адамдар осы жолмен жүріп қалады ма, байқаса екен деп уайымдап отырамыз үнемі», — дейді «Шапағат-2» шағынауданының тұрғыны Мақсат Тұрлыбаев.

Ал осы кезде қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылығы бұл тиісті жұмыстардың жыл бұрын басталғанын растады. Дәлірегі, қаладағы 15, 16, 17 және 18-шағынаудандардағы жылу құбырларының жаңаларымен қамтамасыз етіп, сондай-ақ, жылу сапасы-қуатын арттыру мақсатында екенін екшеді. Жұмыстың кешеуілдеу себебін де түсіндірді.

Нұрлан Жаманкөзов, Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: «Шымкентте 1-2 аптадай жаңбыр жауып кетті, ондай кезде техникалық қауіпсіздікті сақтау үшін біз жұмысты уақытша тоқтаттық. Енді жаңбыр тоқтады, жұмысшылар тобы қайтадан жұмысын бастайды. Сол тиісті жұмыстарын аяқтағаннан кейін, құбыр салынған жерлерді көмеді де, толығымен қалпына келтіретін болады».Сонымен, салаға жауаптылардың мәліметіне жүгінсек, Шымкенттегі жылу құбырларының қуаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстар осылайша 4 кезең бойынша жүзеге асып жатыр. Алғашқысы яғни осы 4 шақырымнан астам жолдың қазба жұмыстары мен оны қалпына келтіру жобасы толығымен биыл, қараша айында тәмамдалмақ. Ендеше, бұл мәселе біздің де назарымызда болады.

Мөлдір Бекеева