Алаяққа оңбай алдандым

414

Алаяққа алданған 44 жасар Зәуре Букенова әділдік іздейді. Бес жасар қызымен далада қалған жалғыз ілікті ана екі алаяққа, дәлірегі Ардақ Әуезханова мен Бибігүл Тасмұратоваға оңбай алданғанын айтып жылады. Мән-жайын Зәуренің өзі баяндап берді.

Мақтааралдың тумасы Зәуре Букенова қаладағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып қызмет етеді. Айтуынша айлығы – 60 мың теңге. Алаяқтардың арбауына түскен сегіз айдан бері сол 60 мың теңге айлығын алмай келеді. Өйткені қарыз алған банктері есеп шотын бұғаттауға мәжбүр болған.

«Өзім Шымкентте үй жалдап тұрамын. 2017 жылдың мамыр айының соңына қарай жеңгем екі әйелмен жылап-еңіреп келді. Бірі отырарлық Ардақ Әуезханова, екіншісі мақтааралдық Бибігүл Тасмұратова. Олар жеңгеме «миллион теңге тауып берсең болды, «Даму» қорынан 3 миллион теңге шығарып береміз» депті. «Тағы бір трактор да алып береміз» деп әбден сендірген. «Миллион тауып бер, сосын бір айға жетпейтін уақытта үш миллион болып қайтады» депті. Осы мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келген жеңгем менен көмек сұрады. Жеңгемді бір дүкенге кіргізіп, 286 мың алады. Мен жеңгеме «нақты сенімді адамдар ма, қазір алаяқтар көбейді ғой» деп сұрасам олар қағаздарын көрсетіп: «бастық бізге «Даму» бойынша адам жина» деп айтқан соң, біз сендік. Басқа да түрлі құжаттарын көрсетті. Қайдан білейік, өзіміз ешкімге жамандық ойламағандықтан сеніп қалдық. «Жеңгеме сәл де болсын көмегім тисін» деп ойладым. Сосын мен 400 мың теңгеге жуық кредит алдым. Тағы бір алтын сататын таныс апайымнан 624 мың теңгеге алтын әпердім. Осылайша миллион теңгеге толтырып қолдарына саламыз. Алайда бір айға жетпей ақшамызды еселейтін болған адамдардан хабарсыз қалдық. Оларды 3 ай күтіп, хабар болмаған соң жеңгеме бардым. Жеңгеммен бет жыртысып қырылдым»

Амалы таусылған Зәуре одан кейін алаяқтарды іздеуге шыққан. Алдымен Мақтааралға барып Бибігүлді іздейді.

«Мақтааралға барып, Бибігүлдің күйеуі мен қызын тауып алдым. Сөйтсем, күллі Мақтаарал шулап отыр екен. Ол әйел отбасымен тұрмайтын болып шықты. Күйеуі: «оны ұстап алып, атасың ба. Қамайсың ба, өзің біл, бірақ маған келме» деді. Содан кейін жер болдым. Алданғанымды түсіндім. Амал жоқ Шәуілдірге барып, Ардақты іздедім. Осы әйел тұратын ауылдың әкіміне жолығып жыладам. Жағдайымды түсіндірдім. Әкім оның күйеуін шақырып сөйлесті. Күйеуі әйелінің екі жылдан бері үйге келмегенін айтты. Осы кезде екі алаяқ бірігіп, мені алдағанын түсіндім. Содан кейін қалаға келіп, Әл-Фараби ауданы бойынша полиция бөлімшесіне арыздандым»

Зәуре қалай полицияға арыз түсіреді, содан оның телефонына тыным болмаған. Айтуынша бірнеше күннің ішінде оған Ардақ пен Бибігүлден зардап шеккен 80-ге жуық адам хабарласқан.

«Арызданғаннан кейін Мақтаарал, Шәуілдір, Жетісай тіпті Алматыдан 80-нен астам адам хабарласып, осы әйелдерге алданып қалғанын айтты. Тіпті әлі күнге дейін зардап шеккен адамдар маған хабарласып жатады. Осылайша мен айлықсыз қалып. жеуге нан таппай қалған күндерім көп. Істеген жұмысымның айлығын өзім ала алмаймын. Сенесіз бе, қызымды аш қалдырмау үшін балабақшадан балалар жегеннен қалған нанды алып келемін. Қызымды тамақтандырамын. Осылайша әбден қиналдым. Бармаған жерім жоқ. Нұр Отанға бардым, банктерге жылап-еңіреп жағдайымды айттым. Қай-қайсысы да «ештеңе жасай алмаймыз, өзіңіз қол қойғансыз біздің қолымыздан ештеңе келмейді» деді. Ауылдың екі қызымен бірге пәтер жалдап тұрамын. Ақша төлемесем де «бізбен бірге тұра беріңіз» деді. Тамаққа да ақша шығара алмаймын. Олардан қатты ұялам. Маған жасаған жақсылықтары Құдайдан қайтсын»

Қиналып жүрген Зәуреге бір күні Ардақ хабарласып: Алматыға шұғыл жетуін айтқан. «Келсең, қарызыңды аласың» деген соң, Зәуре тағы бір үмітке байланып, 4 жасар қызын алып Алматыға жол тартыпты.
«Ардаққа күйеуі іздеп жүргенімді айтқан болса керек. Маған бір күні хабарлас-ты. Сол кезде ол маған «Тез арада Алматыға жет. Бірақ 70 мың теңге алып кел. Мен мына жерден бес миллион алып жатырмын» деді. Ол кезде қызым 4 жасар болатын. Тағы да алданып қалуым мүмкін болса да 70 мың теңге несие алдым да қызыммен бірге Алматыға жол тарттым. Азанда мені күтіп алды. Сөйтіп менен ақшаны және жеке куәлігімді алды. Мені отырғызып, «күте тұрыңыз» деді да өздері екінші қабатқа көтеріліп кетті. «Қазір ақшаны алып түсеміз» деді. Осылайша қызымды құшақтап алып бірнеше сағат күттім. Олар жоқ. Болмаған соң төбеге шығып екеуін іздедім. Таппадым. Тағы алданғанымды түсініп зар илеп қалдым. «Адам баласы ғой, мені қызыммен бірге шырылдатып қоймас» деп ойладым ғой. Соншалықты мейірімсіз адамдар екенін қайдан білейін. Қалтамда бір тиыным да жоқ еді. Жылап-еңіреп, алтын берген әпкеге хабарластым. Ол әпкеге рахмет. Жағдайымды түсініп, 5 мың теңге картама салды. Мен 4 мыңына билет алып қалған мың теңгесіне су алып, Шымкентке қайттым»

Зәуренің айтуынша, ол осы уақыт аралығында Әуезхановадан 300 мың теңге өндірген. Оны бірден алтын алған сатушыға берген.

«Алғашында алтын берген апай менің жанымды шығарып сілкіледі. Кейін ақшам жоқ екенін біліп өзінің жаны ашыды. Бірақ, «аман болсам. ақшаңызды қайтарам» дедім. Соңғы сотта Әуезхановадан 300 мың теңге алып, сол ақшаның бір тиынына тиіспей, алтын берген әпкеге апарып бердім. Білесіз ба, күйіп кететінім – бізде әділдіктің жоқтығы. Мысалы осы соңғы сотта судья Әуезхановаға қамау жазасын бермеді. Үстінен сонша адам шағымданса да оған 1 жыл 8 ай шартты жаза берді. Сонша адамның көз жасына қалып, талтаңдап үйінде жүр. Әуезханова алдыңғы сотта «осы наурыз айының 28-іне дейін менен алған ақшасын қайтарам» деген болатын. Бірақ соңғы сотта олардың берген уақытында қайтармағанын айтқанымда сот оған ештеңе жасай алмайтынын айтты. Ал сонша дамның көз жасына қалған Бибігүл Тасмұратоваға 4 жыл ғана қамау жазасы кесілді. Сонда әділдік қайда, шындық қайда? Алаяқтар осылай талтаңдап жүре бере ме? Осылайша ешбір жерден көмек алмай, құқымызды таптатып жүрміз. Өтінерім – тым болмаса сот әділ шешім шығарса екен? Банктер де кредитіме график қойып берсе екен? Бар тілеуім осы ғана»

Жазып алған –
Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат». №16. 17 сәуір 2019 ж