Елімізге белгілі кардиохирург Юрий Пя бүгін Шымкент қалалық кардиологиялық орталықта шеберлік сабағын өткізді. Нұр-Сұлтан қаласынан келген алтын қолды хирург бүгін 19 жастағы бойжеткеннің жүрегіндегі қақпақшасын емдеу үшін оның терісінен жамау жасап берді. Күрделі ота екі сағатқа созылды. Отаның нәтижесі туралы Юрий Пяның өзі тілшілердің қатысуымен өткен баспасөз жиналысында айтып берді.

«Бүгін біз жүрегіндегі қақпақшасы зақымданған пациентке операция жасадық. Дерттің өзі күрделі. Ота кезінде қақпақшасын ауыстырып беруге болатын еді, алайда бойжеткеннің тұрмысқа шығатынын ескеріп, жүрегіндегі қақпақшасын емдеп бердік. Яғни, өзінің терісінен жүрегіне жамау жасап бердік. Операцияны сәтті өтті деп айта аламыз. Ең бастысы пациенттің өміріне келетін қауіп жоқ» -дейді «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пя.

Айта кетейік, жылда мұндай дертке шалдыққан 40-тан аса шымкенттік науқас Нұр-Сұлтан қаласына барып, ота жасап қайтатын. Юрий Пяның қатысуымен алдағы уақытта Шымкентте тағы да күрделі оталар жасалынып, жергілікті кардиологтар Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталықта біліктілігін жетілдіреді.

Лаура Нақыпқызы