Қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттары қаладағы күрделі жөндеуден өткен ауруханаға арнайы барып, медициналық мекеменің қазіргі жағдайымен танысты. Сапар барысында аурухананың ішкі және сыртқы инфрақұрылымы, жаңартылған бөлімшелер, заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен науқастарға жасалған жағдай жан-жақты қаралды. Бұдан бөлек, қоғам белсенділері жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстарды да бақылап қайтты.
Үшінші мегаполисте денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, ауруханалар мен емханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, қоғам белсенділері №1 қалалық клиникалық ауруханасында болып, жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасымен және емделушілерге қолайлы орта қалыптастыру шараларымен танысып қайтты.
Қоғамдық кеңес мүшелері медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Ал аурухана басшылығы алдағы уақытта да емдеу ісін жетілдіру, қызмет көрсету деңгейін көтеру және тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету басты назарда болатынын атап өтті. Қазіргі таңда бұл ауруханада алғаш рет науқастың бүйрегін алып, қайта салу отасы жасалды.
БАҚЫТЖАН ПОЗИЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ №1 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: «Жалпы аурухана ең үлкен ауруханалардың бірі. Оталардың түрі өте көп. Күні кеше ғана 245 бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Сонымен қатар, Шымкент қаласында бірінші рет науқастың бүйрегін алып, өзіне қайта салу отасы жасалды. Науқас палатада. Бірнеше күннен кейін үйіне шығады. Сондай-ақ, депутаттардың қолдауымен біздің аурууханамызға осы жылдың басында бүйректегі тасты дистанциялық түрде езгілейтін осындай аппарат алынған болатын. Құны 30 млн. теңгеден жоғары тұрады. Ол аппарат жыл басынан бері 750 науқасқа қызммет көрсетті».
Айта кету керек, аурухана базасы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен кезең-кезеңімен қамтамасыз етіліп жатыр. Бұл өз кезегінде тұрғындардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына мүмкіндік беріп отыр, – дейді қалалық мәслихат төрағасы.
БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Ең көп ауру келіп түсетін аурухананың бірі, ең оперативті операциялардың жасалатын жауапты мекеменің бірі, осы жерге халықтың сұранысы бойынша да көп мәселеге сұрап жатыр еді. Қазіргі таңда, күрделі жөндеуден өтіп, жақсы жағдайға келіпті. Халықтың игілігіне жұмыс жасап жатыр».
Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында депутаттар мен кеңес мүшелері Қазиев көшесі мен Шұбаркөл көшесінің жалғасын салу жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. Бұл жоба қала ішіндегі көлік кептелісін азайтып, қозғалыстың бірқалыпты жүруіне ықпал ететін маңызды инфрақұрылымдық бағыттардың бірі. Қазіргі таңда бұл аумақта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, өзге де жолдарды кеңейту, баламалы бағыттарды ашу және магистральдардағы көлік жүктемесін азайту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.
ӨМІР ҚАЛЫБАЕВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Өздеріңізге белгілі, Момынов көшесі және Тіленшин көшесіндегі теемір жол өтпелері. Теміржолдың үстінен салынатын автомобиль жол көпірі. Қазіргі таңда, Момынов көшесін 85-80 пайызға аяқтадық. Бір-екі айда беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Тіленшин көшесі қазііргі таңда кептеліс орын алып жатқан жер. Ол жерден тәулігіне 56 пар пойыз өтеді. Сондықтан көлік қозғалысы тоқтап қалады. Соның үстінен көпірді салып жатырмыз. Келеі жылдың соңына дейін беруді жоспарлап отырмыз».
Мамандардың айтуынша, жөндеу және құрылыс жұмыстары аяқталған соң көлік қозғалысы мен тұрғындардың қауіпсіздігі едәуір жақсарады. Қоғамдық кеңес мүшелері мен депутаттар атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше мән берілетінін айтып, жобалардың уақытылы әрі талапқа сай аяқталуы жауапты мекемелердің қатаң бақылауында болатынын жеткізді
Нұргүл Жолымбетова






