Шымкент қалалық перзентханасында жаңа туған нәрестеге күрделі проктопластика отасы жасалды. Сәби 9 мамыр күні ауыр диагнозбен туылған. Күрделі операцияға білікті дәрігерлер қатысып, ота сәтті аяқталған. Қазіргі таңда бала мен ананың жағдайы қалай?
Қалалық перзетханада сирек кездесетін аноректальды аймақтың даму ақауы — анус атрезиясы диагнозымен дүниеге келген нәрестеге ота жасалды. Бұл дертпен туылған нәресте табиғи жолмен үлкен дәретке отыра алмайды екен. Мұны естіген 30 жастағы Айсұлу Батырбайқызы алғашында уайымға батқанын айтады. Кейіннен дәрігерлерге сенім арттық деп отыр. Анасы, баланың жағдайы біртіндеп жақсарып келеді деп қуанып отыр.
АЙСҰЛУ БАТЫРБАЙҚЫЗЫ. ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Ешқандай диагноз болғанын білген жоқпын. Үш УДЗ-де ондай нәрсе естімедім. Таныстарымнан да естмеген едік. Босанған соң, қатты қорқып жылап қалдым. Бірақ дәрігерлерге сендік. Ота сәтті өтті. 25 минутта бітті ғой».
Мамандардың айтуынша, мұндай диагноз уақытында емделмесе, ішек өтімсіздігі, инфекция және ағзаның улануы секілді ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін. Сондықтан хирургиялық ем сәбидің өмірінің алғашқы күндерінде жүргізілген. Күрделі операцияға балалар хирургтары, неонатологтар және анестезиолог-реаниматологтар қатысып, ота сәтті аяқталған.
НҰРЛЫГҮЛ БАЙСЕҢГІРОВА, БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: «Аноректальды аймақтың даму туа біткен ақауы, тікішек аралық жыланкөзбен болатын анус атрезиясы диагнозымен операция жасалды. Қазіргі таңда баланың жағдайы бірқалыпты. Қазіргі таңда сәби анасымен бірге нәрестелер патологиясы бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Әр нәресте әр түрлі болады. Әлі бақылауда болады. Үйге шыққаннан кейінде хирургтардың бақылауында болады».
Ақ халаттылар туа біткен мұндай ақауларды ерте анықтап, дер кезінде ем жүргізу баланың өмірі мен денсаулығын сақтауда аса маңызды екенін атап өтті. Айта кетейік, қалалық перзентханада бір жылдың ішінде 21 нәрестеге түрлі ота жасалған. Барлығының жағдайы жақсы дейді дәрігерлер.
Нұргүл Жолымбетова






