Шымкенттік кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік дастархан жайды

465

Шымкенттік кәсіпкер бастаған еріктілер тобы мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік дастархан жайды. Есімін елге жария еткісі келмеген кәсіпкер Түркістан облысының барлық балалар үйінен тәрбиеленушілерді шақырған.

Шымкент қаласындағы дәмханалардың бірінде өткен іс шара барысында балаларға арналып дастархан дайындалып, концерттік және анимациялық бағдарламалар ұсынылды. Аниматорлар мен әртістер мүмкіндігі шектеулі балаларға​ ақысыз қызмет етіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кей балалар Шымкентке алғаш келіп тұрғанын айтып, қуаныштарын жасырмады. Айта кету керек, балалардың Шымкент қаласына келіп кету жол шығынын кәсіпкер өз мойнына алған.

Леңгір балалар үйінің дефектолог- педагогы Гүлмира Өтебекова мұндай жол сапардың сирек болатындығын айтты. «Демеушілер көбінесе бізге, яғни ауданға өздері келеді. Балалар әрине қалаға сапарлайтындықтарын естіп қуанды. Жолға дайындалып жүрді. Айта кету керек, кейінгі кездері балалар үйіне қамқорлық көрсететін қайырымды қалталы азаматтар қатары сиреді. Неге екенін білмеймін»- дейді педагог-дефектолог.

Қазығұрт балалар үйінің тәрбиеленушісі Гүлсезім Дембаева қасиетті рамазан айында Шымкент қаласына келіп, мерекелік дастарханның қонағы болғанына қуанышты екенін айтады.

«Маған бүгін концерттік бағдарлама мен аниматорлар қатты ұнады. Достарыммен бірге осындай іс шараға келгеніміз үшін қуаныштымын»-дейді Гүлсезім. Рамазан айында қамкөңіл балғындарға, мүмкіндігі шектеулі балаларға мереке сыйлаған шымкенттік кәсіпкер аты жөнін жария еткісі келген жоқ.

Жанар Есенбекова