Кәсіпкер қалтадан қағылды. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі ет бағасын тұрақтандыру мақсатында мүйізді ірі қара етін экспортқа шығаруға сандық шектеулер енгізген болатын.
Билік мұны ішкі нарықтағы еттің бағасын төмендету үшін қолға алған. Алайда, бұл бұйрық кейбір кәсіпкерлерді шығынға батырған. Мәселен, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында 7 мың бас мал ұстап отырған Ғалымжан Шадықұлов бордақыланған ірі қараларды сата алмай әлек болып отыр. Шаруаның базынасы қандай?
«Екі айдан бері 50 бас өліп қалды. Әрқайсысы 1 млн. теңгеден. Семіріп, бір-бірімен сүзісіп».
Осылай деген сайрамдық кәсіпкердің жағдайы қиын. Ғалымжан Шадықұловтың айтуынша ол ірі қара мал асырап, қып-қызыл шығынға батып отыр. Өйткені, жауаптылар етті экспортқа шығаруға тыйым салған. Сол себепті бордақыланған мал етін қайда сатарын білмей дал. Ішкі нарықта сұраныс аз дейді ол. Соған қарамастан, Алматыға 30 ірі қараны сойып апарып, тағы 28 млн. теңгеге қалтадан қағылған. Кепіл құжатсыз саудалап, алданып қалдым деп отыр. Ол аздай, 50 — ден астам адам жұмыссыз қалған.
Ғалымжан Шадықұлов, «MEAT MAGNAAT» АШК төрағасы: «Менде 100 адамдай жұмыс істейтін еді. Тұрақты түрде. Құрылыс бар. Мал бағатын адамдар. Олардың бәрін қысқартып тастадым. 30 адам. Менде дайын тұрған 5 мың бас. Жемде тұрғаны 2 мың бас. Соның барлығы семіріп, артқа қайтып жатыр. Олар айына 250 млн. теңгеге тамақ жейді. «Қазагрофинанстан» техника алған едім. 100 млн. теңгеге. Оны да төлей алмай жатырмын».
Айта кету керек, бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы бұйрық шығарып, 31 желтоқсанға дейін кейбір кәсіпкерлерге сиыр етін шетелге экспорттауға тыйым салған. Мұндағы мақсат, ішкі нарықтағы сиыр етінің бағасын тұрақтандыру, халыққа қолжетімді бағада жеткізу дейді мамандар. Ал, экспортқа ет жөнелтетін шаруаларға арнайы талаптар қойылған.
Жорабек Жолдасбеков, ТО Ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары: «Квоталар бойынша үш критерий қойылып отыр. Біріншісі, 5 мың бастан кем емес мүйізді ірі қара мал бордақылау алаңы болуы керек. Екіншіден, мал ірі қара мал етін өңдейтін кәсіпорынның болуы, үшіншіден сыртқы экономикалық келісімшарттардың болуы».
Ал, «Мeat magnaat»-тың ауылшаруашылық кооперативіне қатысты кейбір құжаттары толық болмаған дейді басқарма өкілі. Қазіргі таңда, кәсіпкер қажеті қағаздарды рәсімдеу үстінде екен.
«Мeat magnaat» ЖШС мемлекеттік акт алу жұмыстарын аяқтаған жағдайда, басқармаға өткізсе, қосымша квота бөлу бойынша министрлікке қосымша ұсынылатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ішкі нарықта сиыр еті қымбаттап, халықтың наразылығын тудырған болатын. Ал дәл қазір ет бағасы мал сою бекеттерінде 3200-3400 теңге көлемінде. Ал базарларда 3800 теңгеден саудаланып жатыр дейді жауаптылар.
Нұргүл Жолымбетова






