Сауда нарығында заттаңбасына сәйкес келмейтін өнімдер қаптаған. Тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдар 700-ден астам өнімді тексеріп шығып, 60 пайызынан олқылық анықтаған. Бұл туралы Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Болат Таңабергенов Астанада өткен брифингте айтты.
Мұның бәрі биылғы он айда жүргізілген «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы аясында мәлім болған. Сол олқылықтардың 80 пайызы өнімдердің таңбалау бөлігіне қатысты болса, қалғаны санитарлық-эпидемиологиялық жағдайынан анықталған. Соған байланысты 157 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тиісті шара қабылданған. Жалпы комитет мәліметінше, ел азаматтарының белсенділігі де едәуір арта түскен.
Мәселен, 2020 жылы уәкілетті органға 21 мың өтініш түссе, 2024 жылы олардың саны 62 мыңға жеткен. Ал биылғы 10 айда 68 мыңға жуықтаған. Айта кетерлігі, қазіргі заңда офлайн сатушыға қойылатын талаптар онлайн сатушыларға да қолданылады. Алайда электронды алаңдарда сауда жасайтын сатушылар бұл талаптарды әрдайым орындай бермейді. Сол үшін заңға түзету енгізу көзделіп отыр.
Ербол Тұрымбет






