Мақтааралдағы Береке ауылының тұрғындарына таза су ішу арманға айналып барады

320

Халықтың айтуынша ондағы тіршілік нәрін ауызға алмақ түгілі, қараудың өзі қорқынышты. Енді бұқара тозығы жеткен құбыр құрылысын қолға алмай отырған билікке немқұрайлылығына наразылық білдіріп жатыр.

Рамазан Құлиевтың әр күні су күзетумен басталады. Азаматтың айтуынша Береке ауылындағы су мәселесі біраз жылдан бері елдің бас ауруына айналған. Сағаттап берілетін судың жырына көнген тұрғындар енді оның ластығына үйренісе алмай жүр. Ауруды астан тапқысы келмегендерге тіршілік нәрін басқа жақтан сатып алудан басқа амал қалмай барады.

Рамазан Кулиев, тұрғын: «Суды уақытымен береді. Құбырлардың барлығы жарылып кеткен. Арасында құрбақалар секіріп жүр. Мұның ішінде не жоқ дейсіз? Не істеуіміз керек? Сапасыз судың кесірінен балалар ауырып, ауруханаға түсіп жатыр. Бірнеше мәрте арыздандық, бірақ нәтиже жоқ».

Таяқ тастам көрші ауылдың жағдайы мүлде бөлек екен. Онда таза су да, оны есептейтін құрал да қондырылған. Әйткенімен, берекеліктерге бұл әзірге арман болып тұр. Елдің шыдамын шегіне жеткізген мәселеден ауыл әкімі де хабардар. Бірақ, көрші ауылда тұратын әкім ақшаның жоқтығы қолбайлау болып отырғанын айтады.

Әлім Ибраев, Береке ауылының әкімі: «Жобаны дайындауға 2 млн. теңге бөлінген болатын. Енді облыстан ақшаның түсуін күтуіміз керек. Ауыз су мәселесін шешуіміз керек».

Ауыл әкімінен күдер үзген ел енді облыс әкіміне жол тартпақ. Ал, оған дейін бұқараның пайдадан гөрі күмәні көп су ішуден басқа амалы жоқ.

Назерке Үкібасова