Өзінің мүмкіндігі шектеулі жан екендігін дәлелдей алмай жүр

350

Шымкенттік тұрғын қолынан алған жарақатынан кейін еңбекке жарамсыз болып қалған. Десе де жәрдемақыға әлі қол жеткізе алмай келеді. Көмекті тағайындайтын медициналық-әлеуметтік сараптама орталығының табалдырығын неше айдан бері тоздырса да нәтиже жоқ.

Талғат Саурбеков 10 жылдан бері еңбекке жарамсыз. Келеңсіз жағдай орын алып, оң алақанын пышақпен осып алған. Бүгінде жұдырығы жұмылмайды. Бес саусағынан тек бас бармағы қимылдайды. Соған қарамастан мүгедектігіне байланысты жәрдемақы тағайындата алмай жүр.

Талғат Саурбеков, қала тұрғыны: «Қаңтардан бастап құжаттар жинадым. Сөйтіп ақпанның 2-не келдім. Содан кейін тағы да екі рет келдім. Неғып келе бересің дегенге келтіріп жатыр».

Дәрігерлердің еңбекке жарамсыз деген ұйғарымын қолына ұстап келген азаматты комиссия мүшелері қатарынан үш рет қабылдамай жіберіпті. Ақырында, өткізген құжаттары жоғалып тыныпты.

«Мен барлық құжаттарды толық жинадым. Оны дәрігерге бердім. Ол алған да жоғалтып қойған. Сол құжатпен келгенмін мен бірінші рет. Камерада тұр. Көрсеңіз болады» дейді арыз иесі.

Кейіннен емхана қызметкері кінәсін мойындап, медициналық картасының көшірмесін жасап берген. Алайда, тексере келе ол құжаттың түкке жарамсыз екені анықталады. Карта ішінде мүлде басқа емханада қызмет ететін дәрігер өзге медициналық мекеменің мөрін басқан.

Бастапқыда медициналық-әлеуметтік сараптама орталығы басшысының орынбасары түсірілім тобын көргенде кәдімгідей тулады.

«Бұл кісі құқығын әлі толық пайдаланған емес. Бірден сіздерге барып отыр» деді жауапты маман.

Артынша, «мөр» жайындағы былықтан хабарсыз екенін айтып ақтала жөнелді. Одан кейін, Талғат Саурбаевты қайта шағым түсіруге үгіттей жөнелді.

Төрехан Даутов, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің МӘС басшысының орынбасары: «Шағым түсірсін. Біз қараймыз».

Талғат тағы бір арызын комиссияның қайта қарауына қалдырды. Шағымға 15 күн ішінде жауап айтылады. Егер қорытындымен келіспесе, онда мәселесін шешу үшін министрлік пен сотқа дейін хат жолдауға құқылы.

Меруерт Ахан