Ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған орталық ашылды

361
«Асыл Мирас» аутизм орталығы

Шымкентте «Асыл Мирас» аутизм орталығы ашылды. Бұл еліміз бойынша аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған жетінші орталық. Осыған дейін арнайы қызметтер үшін ұл-қыздарымен Нұрсұлтан, Алматы қалаларына сабылып келген ата-аналар бұл мекеменің ашылуын көп күттік дейді.

Шаһар басшысының пәрменімен ашылған су жаңа орталықта аутизмге шалдыққан балаларға қажетті барлық қызмет тегін көрсетіледі. Мұнда балаларға сөйлеу дағдысын дамыту, ортаға бейімдеу, әлеуметтік және тұрмыстық түйсікті қалыптастыру секілді мамандандырылған сабақтар жүргізіледі. Орталық 15 жасқа дейінгі 80 баланы қабылдауға әзір.

7 жасар Димаш тумысынан өте тынымсыз, елгезек бала екен. Бойдағы бар күш-қуатын өзінің дұрыс дамып жетілуіне жұмсауға тек мамандар ғана көмектесе алады. Анасы Сапар Әлімқұлова таңертеңнен кешке дейін жұмыста болғандықтан ерекше баламен жіті айналысуға мұршам бола бермейді дейді.

Дәрігерлердің дерегіне қарағанда елімізде аутизмге шалдыққан балалар саны жыл сайын 13 пайызға өседі екен. Бейресми ақпарларға сүйенсек Шымкенттің өзінде дауасыз дерттің белгілері 4 мыңнан аса баладан анықталыпты.

Мақпал Рысбаева