Кәсіп бастауға көмек

762

Кәсібіңізді ашқыңыз келе ме? Бірақ неден бастарыңызды білмей жүрсіз бе? Қаржы тапшылығы қолыңызға тұсау ма? Біле білсеңіз, бүгінде елімізде шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау мақсатында бірнеше бағдарлама жүзеге асырылуда. Нәтижесінде талай жан кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алып отыр. Ендеше, мақаламызды оқи отырыңыз. Бәлкім сіздің де кәдеңізге жарап қалады деген ойдамыз.

«Бизнестің жол картасы – 2020»

Бұл шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және қолдауға бағытталған бағдарламаның бірі. Ол өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді түрде өсуін қамтамасыз ету, әрекет етіп тұрған жұмыс орындарын сақтау, жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру мақсатында әзірленген. Мұнда басымдалық – бағдарлама аясында бекітілген экономиканың басым секторларына беріледі. Ол тізімге: агроөнеркәсіп, тау-кен өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарының өндірісі, туризм, ақпарат және байланыс, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер сияқты бағыттағы 96 түрлі кәсіп түрі енгізіліпті. Бағдарламаны жүзеге асырушы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Палатаның менеджер-консультанты Майра Балсүгірованың айтуынша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы 4 бағыт бойынша жұмыс істейді.
1 бағыт. Кәсіпкерлердің жаңа бизнес бастамаларын қолдау;
2 бағыт. Қаржылық сауықтыру,
3 бағыт. Сыртқы нарыққа бағдарланған өндірістерді қолдау;
4 бағыт. Кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылық емес шараларын ұсыну. Яғни ақпараттық, түсіндіру жұмыстары.
Жоғарады аталған 3 бағыт бойын-ша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ айналысады. Соңғы 4-ші бағыт «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына тиесілі.

ҚАРЖЫЛАЙ ЕМЕС КӨМЕК

– Біз кәсіпкерлерге және кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа қаржылай емес көмек көрсетеміз. Яғни: «Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету»;
Сервистік қолдауды іске асыру аясында кәсіпкерлер мына мәселелерді жолға қойып және сервистік қызметтердің келесі түрлерін оффлайн ала алады:
1. Бухгалтерлік және салықтық есептерді жүргізуге, сонымен қатар статистикалық есеп-қисапты құруға байланысты қызметтер
2. Заң қызметтерін көрсету
3. Маркетинг мәселелері бойынша қызметтер
4. Мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес беру қызметі
Ал serveces.atameken.kz сайтына кіріп мына қызметтерді онлайн алуға болады:
1. Мемлекеттік сатып алулар, ұлттық компаниялар жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына байланысты қызметтер
2. ГЧП бойынша қызметтер
3. IT-қызметтер
4. Кедендік рәсімдер бойынша қызметтер
Сонымен қатар қаржылық емес қолдауға:
«Бизнес-Мектеп», «Іскерлік байланыстар», «Аға сеньорлар» жобалары кіреді,- дейді Майра Балсүгірова.
Маман «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жайлы ақпарат алушылардың қатары жылдан жылға артып отырғанын жасырмады. Атап айтқанда жалпы «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы туралы 2017 жылы 1980 кәсіпкер білсе, 2018 жылы олардың қатары 2280 адамға жеткен. Ал 2019 жылдың осы кезіне дейін 1009 адам Шымкенттегі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына келіп, ақпарат алған. Сондай-ақ маман осы бағдарлама талай жанның кәсібін дөңгелетуге және қаншама кәсіпкердің өз бизнесін өркендетуге мүмкіндік бергенін жасырмайды. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламасының арқасында шағын және орта кәсіпке ден қоя бастаған шымкенттіктердің саны күннен-күнге артып келе жатқанын айтады. Себебі, бұл бағдарламаның шарттары да, талаптары да оңтайлы.

БАҒДАРЛАМАҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНДІ

Майра Балсүгіровадан білгеніміз биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының субсидиялау және кепілдеме беру бойынша өзгерістер енгізіліпті.
Субсидиялау.
1. Егер бұған дейін субсидялауға ірі кісіпкерлік қол жеткізе алған болса енді, олар тізімнен шығарылды. Субсидиялауға тек шағын және орта кәсіпкерлік ие болады. Сондай-ақ, несиенің ең жоғарғы мөлшері 4,5 млрд теңгеден 2,5 млрд теңгеге дейін төмендетілді. Субсидиялау мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылды.
2. Бағыттар бойынша пайыздар мен сыйақы мөлшерлемесі өзгерген.
3. Субсидиялық несиге қойылған шектеулер алынып тасталды.
4. 180 млн теңгеден астанын жобаларды «Даму» қоры 5 күнде қарастыратын болды.
Кепілдеме.
1. Ірі кәсіпорындар тізімнен шығарылды;
2. Салық өсімі шектелді.
3. Кепілдеме мерзіміне шектеу қойылмайды.
4. Кепілдемеге қойылған шектеулер алынып тасталды.
5. Сыйақы мөлшері өзгерді.
6. Кепілдемені жою талаптары өзгерді.
Бағдарламаға енгізілген осы өзгерістер мен орта және шағын бизнесті «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен жүргізуді көздеген кез келген жан «Атамекен» ҰКП менеджерлеріне жүгіне алады. Сөйтіп, таңдауыңызға қарай кәсібіңізді дөңгелетуге мүмкіндік бар.

Өз кәсібіңнің болғаны жақсы, әрине. Оның үстіне мемлекеттен қолдау болып тұрғанда. Сондықтан да өзіңізге тиімді бағыт бойынша кәсібіңізді дөңгелете біліңіз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №24, 12 маусым 2019 ж