Кәсіп ашуға – 505 мың теңге

17714

Кәсіп ашып, бизнес бастағыңыз келе ме? Бизнес жоспарыңыз да дайын, бірақ қаржының жоғы қолбайлау ма? Ендеше өз бизнесін дөңгелетуді көздегендерге 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. Алу үшін міндетті түрде кәсіптік білім алу керек.

3 АЙЛЫҚ БІЛІМ

Кәсіптік оқу бұл – заман талабына сай, сұранысқа ие мамандарды қайта даярлайтын қысқа мерзімді курс. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының кәсіптік оқыту бөлімінің басшысы Асылбек Наурызбаевтың айтуынша, еліміздегі индустрияландыру бағытының қарқынды дамуы, кәсіптік-техникалық мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Сондықтан да Үкімет «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» бірінші бағытын кәсіптік-техникалық мамандарды даярлауға ерекше ден қойды.
– Бағдарламаның мақсаты – азаматтардың қабілеті мен қызығушылығына, мүмкіндігіне қарай жұмысшы мамандығына даярлау, өз мамандығы бойынша жұмыс таппай жүргендерді қайта оқытып, кәсіптік біліктілігін көтеру. Бүгінде «қайта даярлықтан өтемін» дейтін шымкенттіктер үшін 40 мамандық түрін ұсынып отырмыз. Оқу мерзімі 3 ай. 1 ай теория, 2 ай практика. Аптасына 6 күн, күніне 6 сағат оқиды. Осы аралықта бағдарламаға қатысушылар ай сайын – 16700 теңге степендия алады. Биыл бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 2035 адам қаладағы арнаулы орта оқу орындарына, жекеменшік оқу орталықтарына және кәсіпорындардың жанынан ашылған оқу комбинаттарына оқуға жіберіледі. Былтыр олардың саны – 1807 адам еді. Олардың 70% жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыспен қамтылса, қалғандары өз кәсібін ашты,-дейді Асылбек Алдабергенұлы.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының
мекенжайы:
Нұрсат ш/а. С.Байтереков №89 үй
Тел: 39-51-31, 77-29-12

КІМДЕР ҚАТЫСАДЫ?

Құжат қабылдау, іріктеу кезеңі тамыз-қыркүйек айларына дейін созылады. Содан кейін жолдамалар беріледі. Сондықтан да Асылбек Алдабергенұлы «қайта даярлықтан өтемін, кәсіптік-техникалық мамандық игеремін» деген қала тұрғындарын қысқа мерзімді кәсіптік тегін оқуға шақырады.
Егер сіз:
– жұмыссыз,
– өзін-өзі жұмыспен қамтыған;
– нәтижесіз жұмыспен қамтылған;
– көпбалалы отбасы;
– 29 жасқа дейінгі жас;
–мүмкіндігі шектеулі адам болсаңыз онда қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатыса аласыз.
Оқу аяқталған соң мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі. Сол кәулік жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған мемлекеттік гранттың конкурсына қатысуға мүмкіндік береді екен.

ГРАНТТАН ӘРКІМНІҢ-АҚ БАР ТАЛАСЫ…

Маманның айтуынша, бұл бағдарламаның ең тиімді тұсы да осында. Кәсіптік білімнен бөлек, бағдарламаның екінші бағыты бойынша өз бизнесіңді бастауға мемлекеттен қайтарымсыз 200 АЕК көлемінде, яғни 505 мың теңге грант алуға болады.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім маманы Жақсылық Рыстанбектің айтуынша, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Сондықтан да кәсіптік білім алып, сол бағытта өз ісін дөңгелетемін деушілерге әрқашан да қолдау бар. Биыл Шымкент қаласына жалпы 4500 грант бөлініп отыр.
– Бұл грантты ұтып алудың екі жолы бар. Біріншісі – Шымкент қаласы халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы кәсіптік курста оқу. Екіншісі – «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінде оқу. Біріншісінде – 3 ай оқу міндеттеледі. Оны тәмамдаған соң өз бизнес жоспарыңызды құрып, комиссияға ұсыну керек. Комиссияның оң шемімін алған соң сізге өз ісіңізді бастауға 505 мың теңге көлемінде ақшалай қолдау жасалады.
Мәселен, сіз тігіншінің 3 айлық курсын тәмамдадыңыз делік. Енді өз цехыңызды ашып, кәсіп бастау жос-парда болса, бизнес жоспарыңызды дайындаңыз. Комиссия оны қабылдаған жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ұтып алған грантыңызды тігін цехыңызға жұмсайсыз.
Екінші – «Бизнес Бастау» жобасының да схемасы осыған ұқсас. Бірақ мұнда 3 ай оқудың қажеті жоқ. Яғни, 25 күндік оқуы аяқталған сәттен бастап бизнес жоспарын әзірлейді. Егер бизнес жоспарын әзірлей алмаған жағдайда «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы жоғарыда аталғандай бағдарлама шеңберінде әзірлеуге көмектеседі. Бұл бағытта 25 күн бойы оқығандарға бір жолғы степендия төленеді. Олар да тегін оқиды. Айта кетейік, мұнда белгілі бір кәсіпті игермейсіз. Тек бизнес-тренерлер кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, саладағы заңнамалар, маркетинг стратегия, салыққа қатысты мәліметтерден хабардар етеді. Жақсылық Арыстанбекұлының сөзінше, оқу курсы барысында өз ісін бастаушыны жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге, бизнес-жоспарларын әзірлеп беруге тегін көмектеседі. «Бизнес-Бастау» арқылы кәсібін дөңгелететіндер 505 мың теңгелік қайтарымсыз гранттан бөлек, кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 20 млн теңгеге дейін жылдық 6 пайызбен шағын несие ала алады.
Жалпы, түсінген жанға, кәсіптік білім – екі қолға бір күрек табалмай жүргендерге үлкен мүмкіндік. Мемлекет осылайша жұмыссыздықты «тұншықтырып», жұрт қолына балық емес, қармақ беріп, сұранысқа ие мамандықтарға баулымақ.

Кәсіптік білім алып, қайта даярлықтан өтетін шымкенттіктерге ұсынылатын кәсіптік мамандықтардың тізімі:

1. Тәрбиешінің көмекшісі
2.Радиоэлектрондық жабдықтарды жөндеу және оған қызмет көрсету жөніндегі радиомеханик (радио, теле-, аудио-, бейне)
3. Электр құрал жабдықтарын жөндеуші слесарь-электрик
4. Электрик автослесарь
5. Дақты кетіруші
6. Химиялық тазалау аппаратшысы
7. Шаштараз-модельер
8. Визажист
9. Маникюр шебері
10. Шаштараз стилист
11. Шаштараз шебері
12. Күтуші
13. Әкімші көмекшісі
14. Аспаз
15. Кондитер
16. Даяшы
17. Бармен
18. Жеке аяқ киім тігу шебері
19. Туризм жөніндегі нұсқаушы
20. Саяхат жүргізушісі
21. Турист агенті
22. Азық-түлік тауарларының сатушысы
23. Азық-түлік емес тауарлар сатушысы
24. Бақылаушы-кассир
25. Электромонтер (барлық атаулар)
26. Слесарь-жөндеуші
27. Дәнекерлеуші (барлық атауларымен)
28. Электр газымен дәнекерлеуші
29. Тоңазытқыш қондырғылары жабдықтарын құрастырушы
30. Автокөліктердің электр құрылғыларын жөндеуші электрик
31. Автокөлікті жөндеу слесарі
32. Тоқушы
33. Кілемші
34. Арқаушыбық жабдығы операторы
35. Шлихталау жабдығының операторы
36. Жіп ұршықшысы
37. Кестелеуші
38. Тігінші
39. Киім пішуші
40. Арнайы тігінші
41. Наубайшы
42. Дизайнер
43. Бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлейтін көмекші
44. Веб-қосымшасын әзірлейтін көмекшісі
45. Ағаш ұстасы
46. Сылақшы
47. Бояушы
48. Бетоншы
49. Бульдозер машинисі
50. Бір ожаулы экскаватор машинисі
51. Автомобиль кранының машинисі
52. Слесарь-сантехник
53. Жиһаз жинақтаушы
54. Ауыл шаруашылық өндірісіндегі тракторшы-машинисі
55. Жеміс-көкөніс өсіруші

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №30, 24 шілде 2019 ж