Сотталған әйелдер түзеу колониясының аумағында еңбек етеді. №78 мекемеде тігін цехы жұмыс істейді. Ол әлеуметтік бейімдеу бағдарламасының маңызды бөлігіне айналған. Мұнда түрлі баптар бойынша сотталған әйелдер ресми түрде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болған: олармен еңбек шарттары жасалып, жалақы төленеді. Түскен қаражатты олар сот шешімімен өндірілген талап-арыздарды өтеуге, сондай-ақ бостандықтағы жақындарына көмек көрсетуге бағыттайды.
Елена Емельянова есірткіге қатысты қылмысы үшін екінші рет түрмеге тоғытылған. Ол 10 жылға сотты болған. Қазір, бір жарым жылдан бері Шымкент қаласындағы №78 мекемеде жазасын өтеп жатыр. Алдыңғы соттылығында тігін ісін меңгеріп, бұл жолы да бірден цехқа жұмысқа орналасқан. Елена еңбек шарты бойынша жұмыс істеп, ай сайын 100 мың теңгеден астам жалақы алады екен.
ЕЛЕНА ЕМЕЛЬЯНОВА, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ: «Соңғы жарты жылда мен талап-арызымды толық өтедім. Тігуді ұнатамын, білімімді жетілдіруге тырысамын. Алдағы уақытта жеке кәсіп ашу жоспарда бар, әзірге жоба күйінде. Қалай болғанда да тігін саласы бойынша жұмысымды жалғастырамын. Үйім бар, енеме ақша жіберемін, талап-арыздарды өтеп жатырмын. Бостандыққа шыққанда бастапқы капитал болу үшін депозит ашып, ақша жинағым келеді».
Ал, Баян Якупова қаржы пирамидаларын құру және ұйымдастыру үшін жазасын өтеп жатыр. Цехта әкімшілік мәселелермен айналысады. Оның айтуынша, мұндағы жұмыс сұранысқа ие, тігін цехына орналасқысы келетіндер көп.
БАЯН ЯКУПОВА, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ: «Жұмыс өте сұранысқа ие. Орналасу оңай емес. Талап-арыздар тез жабылады, сотталған адам өзін өзі қамтамасыз ете алады. Жалақы тамақтануға да, өз қажеттіліктеріне де жетеді. Кейбірі балалар үйіндегі балаларына ақша жібереді».
Шымкент қаласындағы №78 мекемеде тігін цехында 50 әйел жұмыс істейді. Мұны жергілікті кәсіпкер ашқан. Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» компаниясына қысқы үш бөліктен тұратын костюм тігуге тапсырыс орындалып жатыр. Ал, мекеме басшылығы барлық сотталғандарды жұмыспен қамтуға тырысатынын айтады.
Тігін цехы тек жұмыс орны ғана емес, жаңа мүмкіндіктер алаңы. Сотталғандар мамандық меңгеріп, талап-арыздарын өтеп, жақындарына қолдау көрсетеді дейді мамандар. Бостандыққа шыққан соң олардың көпшілігі жеке ісін ашуды жоспарлайды.
Бұл тәжірибе колониядағы еңбекпен қамтужәне дербестікке жасалған алғашқы қадам бола алатынын көрсетеді. Айта кетейік, Шымкент қаласының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 2000 — ға жуық сотталғандар жұмыспен қамтылған.
Нұргүл Жолымбетова






