1000-нан астам полиция қызметкерлері оқушыларға қызмет көрсетті

146

Полицейлерге алатаяқтар ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қайтарылады деп, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі хабарлағандай 1 қыркүйек білім күнінен бастап сақшылар алатаяғымен халыққа өздерінің сапалы қызметін көрсете бастады. Яғни, дәл осы мереке күнінен бастап Түркістан облысының полицейлері өздерінің алатаяқтарымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жол қозғалысын реттеді.

Жалпы, Түркістан облысында 480-мыңға жуық оқушысы бар 904 мектеп жұмыс жасайды. Оларға Түркістан облысы Полиция департаменті тарапынан 1000-нан астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Енді бір ай көлемінде әрбір жергілікті полиция қызметінің полицейлері, учаскелік полицейлер жаяу жүргіншілер жолағынан өтетін оқушыларға, қала тұрғындарына көмек көрсетіп, жол қозғалысын қадағалайтын болады.

Мәселен, Түркістан қаласындағы С.Қожанов көшесінің бойында орналасқан №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Ләззат Айтымбетова: «Полиция қызметкерлері таңғы сағат 7-ден бері мектеп алдында тұрып балалардың қауіпсіздігін қадағалауда. Ұстаз әрі ата-ана ретінде осы іс-шараны жүргізіп отырған полицейлерге рахметімді айтамын және бұл іс-шара біз үшін де өте маңызды. Полицейлер тәртіпті қадағалап, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп тұрғанда бізде ешқандай алаңдаушылық болмайды деп сенемін» деді, өзінің ойы мен жылы лебізін білдіріп.

Сонымен қатар, бірінші сыныпқа өзінің бүлдіршінін жетектеп келген ананың бірі, мектеп алдындағы жолақтан күнделікті өтетін балаларының қауіпсіздігіне сақшылар бақылайтын болғандықтан, алаңдамай жүретінін жеткізді.

«Назар аударыңыз, балалар!» акциясы аясында өткізіліп жатқан аталмыш іс-шара Түркістан облысының барлық аумағында ұйымдастырылды.

Өз кезегінде полиция басшылары, олардың орынбасарлары және қызметкерлері енді ғана оқу жылына қадам басқан бүлдіршіндерге, білім алушыларға арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Және олармен бірге жолдан өтіп, жол жүру ережесінің маңыздылығына тоқталды. Мәселен, бүлдіршіндермен жетектесіп жолдың қауіптілігін үйрете отырып, жолақтан олармен бірге өтіп акцияға белсенді қатысқан Келес АПБ бастығы полиция полковнигі Шырынбек Оңғаров, Арыс АПБ бастығы полиция полковнигі Нұрлан Исабековтерді айтуға болады. Сондай-ақ, қала көшелерінде тынымсыз еңбектерін атқарып жүрген патрульдік полиция қызметкерлері кейбір бағдаршамдарда туындаған техникалық ақауларға байланысты бірден бағыт алып, жол қозғалысын әп-сәтте реттеп, кептелістердің алдын алды.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі