Түркістан облысында қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген тәртіп сақшылары мен олардың сыбайластары сотталды. Іске қатысты құжаттаа заңсыз тоқтатылған көлік, жоғалған майнинг құрылғылары және миллиондаған шығындар туралы айтылған. Сонымен үкім шықты. Ал кім қанша жаза алды?
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында полиция қызметкерлері мен олардың серіктеріне қатысты үкім оқылды. Іс алқабилердің қатысуымен қаралған. 6 адам айыпталған. Олардың төртеуі «Қорқытып алу» бабы және «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабымен, ал екеуі «Ұрлық» бабымен күдікке ілінген.
«Сотталушылар Б. Н. және А. Қылмыстық кодекстің 194-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәсіз деп танылып, ақталды. Н. және А.-ның әрекеттері ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағынан ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағына қайта сараланып, әрқайсысына белгілі лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 49-бабының талабына сәйкес, Н. полиция майоры шенінен, ал А. подполковнигі шенінен айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ
«Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабымен айыпталған тағы бір адамның ісі «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» бабымен қайта сараланған. Сөйтіп оған белгілі лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. «Ұрлық» бабымен айыпталған қалған екі адамның біріне рақымшылық заңы қолданылып, түрмеге жабылды. Екіншісінің жазасы шартты деп саналды. Сонымен сотталушылар неге кінәлі деп танылды?
«Сотталушы Б. полиция қызметкерлері — сотталушылар Н. мен А.-ға Түркістан облысы Түлкібас ауданынан өтіп бара жатқан автокөлікте есірткі зат бар болу мүмкін деген ақпарат берген. Сотталушылар Н. мен А. лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдаланып, ақпаратты ресми түрде тіркемей, басшыларына баянат арқылы баяндамай, тиісті заңды іс шараларды өткізбей, сотталушы Б.-ны көмектесуші ретінде тартып автокөлікті заңсыз тоқтатқан. Оны айыппұл автотұрағына орналастырып, есірткі зат жөнінде ақпарат қуатталмаған соң оқиға болған жерден кетіп қалған. Ал сотталушылар М. мен Е. автотұрақта тұрған жүк автокөлігінің прицебіне заңсыз кіріп, ондағы 1169 дана майнинг құрылғыларын ұрлап, жәбірленушіге жалпы 100 782 997 теңге аса ірі мөлшерде шығын келтірген»
Сот дерегінше, оқиға өткен жылдың қараша айында Түлкібас ауданында болған. Сот сотталушылардан ортақ тәртіппен жәбірленушіге 67 миллион теңгеден аса материалдық шығын өндіруге міндеттеді. Айта кетейік, үкім заңды күшіне енбеген.
Дилара Иса






