«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді.
Сапар барысында ол шаһардағы бірқатар әлеуметтік мәселелерге назар аударып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ партияның қалалық активімен кездесіп, партиялық жаңғыру аясында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев анықтап берген жаңа міндеттер мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған басымдықтарға тоқталып өтті.
Елбасы 21 тамызда өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Сол құжатта азаматтардың сұраныстарына уақытылы жауап беру, әсіресе өңірлердегі жұртшылықпен етене жұмыс істеу мәселесіне ерекше мән берілді. Сондықтан партия бұл бағытта белсенділікті одан әрі күшейтіп, қарқынды жұмысты қолға алды.
Осыған орай партия Төрағасының Бірінші орынбасары Шымкент қаласындағы сапарын Водопьянов көшесінен бастады. Маусым айында бұл көшедегі №1 көп пәтерлі үйден өрт шығып, салдарынан 45 отбасы баспанасыз қалған. Сол кезде қала басшылығы отқа оранған үйдің толығымен сүріліп, орнына көп қабатты үй салынатынын және одан зардап шеккен отбасыларға пәтерлер берілетінін айтқан еді. Алайда тұрғындар тамыз айында құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуіне және құжаттардың рәсімделу мәселесіне алаңдап, наразылықтарын білдірді.
Бұл мәселемен әлеуметтік желі арқылы танысқан Бауыржан Байбек Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановпен бірге баспанасыз қалған тұрғындармен кездесіп, аталған бағыттағы жұмыстарды «Nur Otan» партиясының тікелей бақылауға алғанын айтты. Сондай-ақ ол қазіргі таңда құжаттарды рәсімдеу жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанына, зардап шеккен әр отбасына жаңа үйден тегін пәтер берілетініне тоқталды.
«Елбасы, партия Төрағасы мемлекеттің халыққа жақын болу керектігін, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, ашық жұмыс істеу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы да «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Сондықтан осы мәселені әлеуметтік желіден естіп, біліп, арнайы алдарыңызға келдім. Қазір қала басшылығы, партияның қалалық филиалы бұл түйткілді оңтайлы шешу үшін барлық шараны қолға алды. Біз бұл істі соңына дейін бақылауда ұстаймыз», – деді Бауыржан Байбек.