Кепілсіз несиелер кешіріліп жатыр

232

Жақсы болсын деп еді, әдеттегідей болды. Кепілсіз несие бойынша жарияланған кешірімнің арты халықтың наразылығына ұласа бастады. Несиелік берешегі бар азаматтар кредитінің кешірілуінен үміттеніп, банктердің алдына көптеп жинала бастады. Арасында көпбалалы аналар мен мүгедек бала асырап отырған отбасылар да бар. Олар Үкімет бекіткен кепілсіз тұтыну кредит бойынша қарыздары кешірілетіндер тізіміне енбей қалғандарына қапалы.

Естеріңізге сала кетейік, 26 маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың банк алдындағы берешегін кешіру туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Ұлттық банктің Түркістан облыстық филиалы ғимаратын жағалап жүргендер банктегі кредиті кешірілмеген азаматтар. Арасында аудандардан келгендері де бар. Түлкібас ауданының тұрғыны Жұмакүл Парпиева солардың бірі. Мүмкіндігі шектеулі баланы асырап отырған екінші топтағы мүгедек тізімге енбегеніне ашулы. Айтуынша, үлкен ұлының баспанасына деп күйеуінің, өзінің және ұлының атына жалпы соммасы 1 миллион теңгеге жуық несие алған. Несиенің кешірілетінін естігенде қуанғанын айтады. Алайда қуанышы көпке созылмапты. Себебі несиесі кешірілетіндердің тізіміне енбеген.
Ұлттық банк өкілдері тұтынушылық несиесі кешірілетіндердің тізімін әлеуметтік қорғау министрлігі дайындады деп ат тонын ала қашып отыр. Айтуларынша, қарызының кешіріліп, я болмаса кешірілмейтінін білгісі келетіндер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы немесе e.gov электронды порталы арқылы өз мәртебесін біле алады. Дейтұрғанмен, несиесі кешірілмеген не тізімнен өзін таппаған кейбір борышкерлер мәселенің мән-жайын түсінбей жатып, даурығуда. Олар да өздерінің несиесінің кешірілуін талап етуде. Дегенмен олар екінің бірінің несиесі кешірілмейтінін түсінбейді.
Несие тек:
–Көпбалалы отбасылар;
–Асыраушысынан айырылып, жәрдемақы алып отырған отбасылар;
–Мүгедек-балалары бар, 18 жастан жоғары жастағы мүгедектерді асырап отырған отбасылар;
–Атаулы әлеуметтік көмекті алушылар;
–Жетім-балалар;
–Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылған 29 жасқа дейінгі азаматтарға ғана кешіріледі.

Осы санатқа жататын бірақ қарызы кешірілмеген мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан жастағы мүгедектерді асырап отырған отбасылары және бірқатар көпбалалы жанұялардың мәселесі қайта қаралады. Яғни, олар үшін қосымша тізім жасалмақ. Тізімге ену үшін еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне арыз жазу керек. Бұл мәселемен 11 қыркүйектен бастап жергілікті әкімдіктер айналысуда. Үкімет бекіткен тізімдегі санатқа жататын азаматтардың кепілсіз тұтыну несиесі бойынша берешектері әлі де кешірілуі мүмкін екенін айтуда. Бұл мәселемен банктен қарыз алғандар Шымкентке келіп әлек болмай тұрғылықты мекенжайы бойынша әкімдіктерден біле алады.

Айтпақшы…
Қазақстандықтардың банк алдындағы берешегін өтеу туралы жарлықтан бөлек, Президент табысы төмен қазақстандықтарға несие беруге тыйым салу керектігін мәлімдеп, тапсырма берген болатын. Нәтижесінде, қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға займдар беруге тыйым салынатын болады. Ұлттық банк кепілсіз тұтыну займдарын беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдайды. Олардың ішінде – займ алушының жалпы қарыздық коэффициенті, банктердің жеке капиталына деген қосымша талаптар және басқалар бар. Тоқаевтың айтуынша, дәл қазірг тұтынушылық кредит бойынша жағдай енді қайталанбауы қажет.

«Оңтүстік Рабат», №38, 18 қыркүйек 2019 ж