«Қарғыс – адам өміріне қауіп» – психолог

2267

Қадірлі оқырман, газетіміздің өткен №44 санында (30 қазан, 2019 жыл) «Тағдыр» айдарымен «Қарғыс – қасірет әкеле ме?» атты хикая жарияладық. Сол хикаяда редакциямызға хабарласқан оқырманымыз өзінің бақытты балалық шағы, анасы қайтыс болғанынан кейін сол бақытты өмірдің күл-талқаны шыққанын айтады. Мұның барлығы да кісі наласынан болуы мүмкін екенінен күдіктенетінін, жалпы қарғыс ұғымының бар-жоғын түсіне алмай келе жатқанын баяндайды. Осылайша оқиғасын айта келе, газетіміздің «Психолог бұрышы» айдарына жүгініп, психолог кеңесін беруді өтінді. Біз хикаясын баяндаған оқырманымыздың тағдырын газетіміздегі «Психолог бұрышы» айдарының тұрақты психологы Қаракөз Момбаеваға жолдадық. Психолог хикаямен танысып, кәсіби кеңесін берді. Соны қаз-қалпында жариялап отырмыз. Тақырыбымыз толымды болуы үшін дін өкілінің, яғни имамның да пікірін алдық. Сонымен, ең алдымен психолог Қаракөз Момбаеваға сөз берелік.


Жаннұр, редакцияға жазған хатыңызды оқып, жан-дүниеңіз қатты күйзеліске түскенін, уайым- қайғы, түрлі сауалдар мазалап, тынышыңызды алғанын байқадым. Психологтың көмегіне жүгінгеніңізді дұрыс деп таптым.
Сонау заманда, Жүсіпбек Аймауытов « … Психология – терең ой, терең білім, терең пәлсапаға соғатын пән. Қарапайым жанға жұмбақ сықылды көрінетін талай нәрселер психологияда қаралады… Себептері, сырлары айқындалады, бұлардан хабары болу, ақыл-ойына ерік беру кімге де болса, керекті»,-деп оң бағасын беріп кеткен.
Отбасыңызда орын алған барлық «ауыр жағдайдың» себебін іздеп … бір адамның наласынан, қарғысынан болуы мүмкін бе? Адам қарғысы адамға әсер ете ме? Біреудің қарғысынан қалай құтылуға болады,-деп сауал қойыпсыз.
Атамыз қазақ ежелгі кезеңнен қарғысқа өте сақ қараған, себебі қарғыс – адам өміріне өте қауіпті құбылыс. Кейде әбден наразы болған адамдар теріс батасын да беріп жатады. Бұл да өте жаман қарғыстың бірі болып есептеледі. Негізі, қарғыс бостан-босқа айтыла бермейді. Ол ашу-ызадан, реніш, қапа болу-наразылықтан, қызғаныштан, бір адам екінші адамнан әбден зәбір көргенде туындайды. Бұл туралы ойланғанымыз артық емес. Қазіргі таңда дүниені материалистік тұрғыдан түсінумен қатар, адам санасынан тысқары дүниелердің бар екенін мойындау қажеттігі пайда болды. Өйткені, он сегіз мың ғаламның құпиясына айналған құбылыстар тілімізге абай болуды ескертеді. Адамның тәні, жаны, рухы жаратылысынан таза болғанымен, түрлі сыртқы ортаның әсерінен, ерік-жігер сапасының төмендеуінен, рухани танымының таяздығынан алғашқы таза қалпынан айырылады не өзгеріске ұшырайды.
Сондықтан да, «қара шаңырағымның түтіні өшті» деп зар еңіреуіңіздің себебі, әкеңіздің алғашқы әйелінің наласынан, қарғысынан болуы да мүмкін.
Абайсызда айтылған «тұқымың құрығыр», «желкең үзілгір» т.б. жаман сөздерден өмірде кейбір әулеттер мүлдем азайып немесе жоғалып та кеткені ел арасында тілге тиек етіліп айтылып жүр. Өкініштісі, мұндай «лас» сөздерді үлкендер жағы көп қолданады. Қорыта келе, ауыздан шыққан әрбір сөздің ақпараттық және қуат қызметі – адамның ақыл мен жүрек, ұждан тазалығының көрсеткіші екеніне көзіміз жетеді. Сөзден де күшті энергияға ие, ол – адамның ойы. Адамның ойлау үдерісі кеңістікте иірім тудырады: жақсы ой оң бағытта, ал теріс ой кері бағыттағы иірім – қуат тудырады. Жағымсыз ойдың қуатын ойлаудың өзі – қорқынышты.
Соңғы кезде, ажырасу бойынша психологиялық кеңес алуға келетіндердің саны артып жатыр. Бар білімімді, күш-жігерімді оларды қайта қосуға жұмсаймын. Ортада бала болса, қандай жағдайлар орын алса да (жұмыссыздық, араққа, нашаға, құмар ойындарға тәуелділік, көзге шөп салу және т.б.), қайткенде де отбасын сақтап қалуға тырысамын. Ал енді, ортада бала болмаса, кейде ажырасуға тура келетін жағдайлар болады. Сол кезде ерлі-зайыптыларға бір-біріне ешқандай мін артпай, қарғамай, ауыр сөздермен жандарын жараламай, разылық білдіріп, ажырасуға, тағдырдың мұндай қиыншылығынан мойымай өтуге кеңес беремін. Адамның өмірге келгендегі басты миссиясы – отбасын құру, ұрпақ өсіру, артына із қалдыру, бала тәрбиелеу, оның қызығын көру. Бұл – қазақ ұлтына тән мінез. Сондықтан біздің қазақта «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» саналады.
Тәжірибемде бір ер азаматтың әйелін қатты құрметтеуінің куәсі болдым. Өзі үйленді, балалы-шағалы болды. Бірінші әйеліне балалар үйінен бір ұл, бір қыз асырап алып берді, көмектесіп тұрады. Бұл тірліктің барлығы жасырын емес, әйелдерімен кеңесіп, талқыланып, шешімін тауып жатқан дүниелер. Бұл да екінің бірінен табылмайтын қасиет, ер-азаматтық қасиет. Тағдыр ғой, «өлген жандар туралы жақсы сөз айт, болмаса үндеме» деп тәрбиеленген жандармыз … (менікі – ой салу).
Мүмкін әкеңіз үйден қашып кетпей, бірінші әйелін риза етіп, сосын ажырасқанда басқаша болар ма еді? Барлық адам үшін ажырасу, моральдық тұрғыдан да, психологиялық жағынан да жарақат болып табылады. Себебі, әйел жаратылысынан ер адамнан қамқорлық пен мейірім күтеді. Арқа сүйер ер-азамат іздеп, тұрмысқа шығады. Хаттан түсінгенім – ол әйелдің бұл отбасыдан кеткісі келмеген. Ал ер-азаматы, қош деуге де жарамай, үйден безсе, ол әйелдің, бұл отбасыға риза болмай, қапа болып кетуі әбден мүмкін…
Кейде қарғыс сөздерді ести тұра, естімегендей кейіп танытып, оның ешбір дұрыс емес екенін білсек те, демімізді ішке тартып, іштен тынып, тоқтау айтпай, үндемей қалатынымыз тағы бар. Сондықтан ұрпақтың келешегіне де көз салып, олардың қарғыс алмауын қадағалағанымыз жөн. Ауызы бейпіл жандарды сабырға шақырып, өзіміз де сөйлер алдын не айтарымызды асықпай ойланғанымыз артық етпесі анық.
Бір-біріңізге ауыр сөз айтудан аулақ болыңыздар. Кешірсе де, адам ешуақытта өзін қорлап айтқан сөзді ұмытпайды. Қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Әртүрлі жағдайлар бар. Өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Барлық туындаған мәселені іште бүкпей, ашығын айтып, сөйлесу арқылы шешуге болады. «Сөйлесу мен әңгімелесу жоқта дұрыс отбасын құру» деген бос сөз. Себебі неке – ұзақ әңгімелесу.
Жаннұрға үнемі аффирмация, медитация, дұға оқу арқылы, Жаратушы қуатының ағысында болып, жан мен сананы тазартып, жан тыныштығына қол жеткізуге, өмірін сәнді әрі мәнді етуге болатынын айтқым келеді. Болған қиындықтарға мойымай, бәріңіздің де бақытты отбасын құрғаныңыз – сабырлы атаңыз бен ақылды әжеңіздің, мейірімді әкеңіздің, асыл анаңыздың өмір сүру дағдысының, өмірге құштарлығының көрінісі.
Бұл – өмір.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Қарғыс айту – күнә

Асыл дінімізде қарғыс айту жайлы жазылған ба? Бұл сауалға Шымкент қаласы Қаратау ауданның «Байғұт баба» мешітінің наиб-имамы Ербол Қалшабеков жауап берді.


– Ассалаумағалейкум! Негізінде, қарғыс айту – өте ауыр күнə. Тіпті екі жақты реніш болса да…
Алла Тағала Мұсылманның ондай қадамын құптамайды.
Алла Елшісінің мына бір хадисінде: «Егер бір адам екінші адамды қарғайтын болса, алдымен қарғыс аспанға көтеріледі. Кейін ол жерге түсіп, Лағынет (Қарғыс) айтылған адамға барады. Егер сол адам қарғысқа лайық болса, ол соған тиеді. Ал адам қарғысқа лайық болмаса, (қарғыс) лағынет айтқан адамның өзіне қайта оралады» деген. Жалпы қандай жағдай болмасын шынайы Мұсылман өзге адамға тілімен зарар келтірмейді, қарғамайды, балағаттамайды, өзгелерге дөрекі мінез танытпайды. Ұрпағының бақытты болуын қалаған Мұсылман ешкімді қарғамайды. Бұған «Адамды лағынеттеуші (қарғыс айтушы) адамдар, олар Қиямет күні куəгер бола алмайды» деген хадис сөзі дәлел.
Қарғыстан сақтану үшін Жаратқан бұйырған əмірлерге бой ұсынып, тыйымдарынан сақ болып тыйылу керек. Таңертең, кешкісін дұғалар оқыған абзал. Мысалы: Ықылас, Фалақ, Нас сүрелерін оқысаңыз, жаныңыз рахаттанып, сабырға келесіз. Қарғыстың ең жаманы – «Өзің білме, білгеннің тілін алма».
Бұл сөздерді Ұлы Жаратқан ешқашан ешкімге айтатындай жағдай тудырмаса екен дейміз. Сөз соңында айтарымыз: Адамның адамгершілік келбетін қалыптастыратын фактор – Адам денесінің патшасы – Жүрек. Мейірім , Ынсап, Ар мен Ұят, Жылулық жүректен тарайды. Адамның жұдырықтай жүрегі оның тұла бойындағы əрбір ағзаға əсер етеді. Олай болса жүрегіміз таза кейінгі ұрпаққа өнегелі болайық ағайын. «Таспен ұрғанды аспен ұр» дейді ғой қазақ атамыз. Сондықтан да кімге қандай ренішіңіз болса да, сіз ол адамды қарғамай керісінше қиыншылық кезінде қолдау көрсетсеңіз, сол адамның сіз жайлы ойын өзгертеріңіз анық. Жаратқан баршаңызды қарғыс емес алғыс алатындардан жазсын.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №45, 6 қараша 2019 ж