Шымкентте белгісіз ер адам дүкен алдында тұрған жас әйелді теуіп, ұрып-соққан

1220

(Видеодан скрин)

Шымкентте 50 жастағы ер адам гүл сататын дүкен алдында тұрған жас әйелді теуіп, жұдырығын ала жүгірген. Бұл сәт сыртқы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Бейнежазбаны жәбірленуші әйел Instagram парақшасында жариялап, оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.

Шымкен тұрғыны 13 ақпан күні кешкі сағат 18.10 шамасында құрбысының туған күніне бармақ болып «Нұрсат» шағынауданындағы үйінің алдында орналасқан дүкеннен гүл сатып алған. Сыртқа шығып,такси шақырмақ болған. Осы сәтте белгісіз ер адам оның арқасынан тепкен. Алғашында әйел ер адам байқаусызда құлап қалды деп ойлаған. Алайда ол орнынан тұрып, әйелдің бетінен жұдырықпен қатты соққы берген. Жан дауысы шыққан әйел жан-жағынан көмек сұрапты. Бірақ ешкім көмекке келмеген. Содан ол полицияға, кейін әкесіне хабарласқан. Одан соң жедел жәрдем шақырған.

«Не боп, не қойғанын түсінбей қалдым. Басым айналып, жүрегім айни бастады. Айналамдағы үлкен әйелдер «Сен өзің не айтып едің?» деп сұрады. Тура осы сұрақты учаскелік полицей, тергеуші, тіпті криминалист те қойды. Әлгі маған тап берген ер кісі болса, полицейлердің көзінше мені тауып алып, өлтіріп кететінін айтып қорқытты» деп жазды жәбірленуші.

Бұл оқиғадан кейін соққыға алған әйел тіпті орнынан қозғала алмай қалған екен. Бас миы шайқалған. Арқасы ауырсынып, ұзақ емдом алуға мәжбүр болған. Оқиға болғаннан кейін шамамен 3 аптаға дейін полициядан еш хабар болмапты. Кейін тергеуші хабарласып, істің мән-жайын жеткізген.

Жәбірленушінің жазуынша, тергеуші кезекпен ауысып, тек үшіншісі істі сотқа жіберіпті. Алайда ер адам екі рет сотқа келмеген. Оның бірінде ол Қызылордада болғандықтан үлгермей қалғанын айтқан, ал екіншісінде масаң күйде болып, Қызылордадан қайта алмапты.

«Ең қорқыныштысы, қандай жағдай болмасын әйел кінәлі боп шығады. Оқиға болған жерде тұрғаны үшін кінәлі, күн жарықта көшеде таяқ жегені үшін кінәлі. Біз енді жан-жағымызға ғана емес, артымызға да қарап жүруге міндеттіміз. Маған тура осындай шабуыл жасалынды. Оны түрмеге қамау үшін бәлкім пышақ жарақатын алып, басым жарылу керек пе еді? Қалай ойласыздар?» деп жазды жәбірленуші.

Жоғары соттың сот кабинетіндегі ашық дереккөзге сүйенсек, Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігімен (Бұзақылық) қозғалған іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жолданған.

Сот материалдарында сол қас тұсы жарақаттанып, жауырынның сол жағы көгерген жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтірілгені жазылған.

Басты сот талқылауында Қызылорда облысының тумасы, 50 жастағы ер адам әйелге шабуыл жасаған кезде масаң күйде болғаны айтылды. Ол өз кінәсін мойындаған. Алайда не үшін мұндай қылмысқа барғанын түсіндіре алмаған. Тек полицейлер келгенде есін жиғанын айтқан. Сотта сотталушы жәбіренушіден кешірім сұраған. Алайда әйел кешірім бермеген.

Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылды. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу және қоғамдық орындарда 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол мәжбүрлі түрде алкоголизмнен емделетін болды.

Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Лаура (@laurenty_ospanova)