Шымкентте Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Тұрмысы төмен 25 отбасыға түрлі азық-түлік үлестірілді. Атаулы күнге орай өткен қайырымды шараға жомарт жандар атсалысты.
Мүмкіндігі шектеулі жандар күні қамқорлықты сезінгендердің бірі екінші топ мүгедегі Гүлжан Сыздықова. Тұрмыс тауқыметін тартқан тұрғынға түрлі азық-түліктер тарту етілді. Кейіпкеріміз күн санап бағасы шарықтап бара жатқан жатқан тауарларды тегін алғанына қуанышты.
Гүлжан Сыздықова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бізді елеп ескергендеріңізге көп рахмет! Алғысымыз шексіз!».
Қайырымдылық шарасы «Нұр Отан» партиясы мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен Meyirim.kz электронды порталының бірлесуімен ұйымдастырылды. Мекеме өкілдері демеушілерді ұйымдастырып, халықаралық мүгедектер күні қарсаңында тағдыр тауқыметін тартқан жандардың бір қажеттілін өтеді. Ұйымдастырушылар бұдан былай мұндай шаралар электронды портал арқылы жүзеге асады дейді.
Ғалымжан Балтаев, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Meyirim.kz электронды порталы іске қосылған. Қайырымдылық шаралар осы портал арқылы іске асырылады. Бұл жүйе көмекті нақты әрі бәріне тиесілі жететіндей етіп үлестіруге сеп болады. Онымен қоса, үйіне жеткізіп беру қызметі де қарастырылып отыр».
Айта кетейік, Шымкентте бүгінде 36 мыңнан аса мүгедек тұрады. Олардың 30 пайызы балалар. Алдағы уақытта көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау мақсатындағы іс-шаралар жүйелі түрде жалғасын тауып отырады дейді ұйымдастырушылар.
Мақпал Рысбаева