Науқас балалардың анасы инклюзивті портал ашты

113

6 бөлімнен тұратын «Бала times» инклюзивті порталы жұмысын қараша айында бастапты. Портал редакторы науқас бала бағып отырған Жанель Жұмалинова.

Жанель Жұмалинова, «Бала times» порталының редакторы: «Мен өзім де науқас баланы бағып отырмын. Аналар үшін оның қаншалықты қиын екенін білемін. Сондықтан да осы порталды қолға алдық. Біз өзіміз кездескен кедергі мен оның алдын алу жөнінде жазамыз. Ауруын жеңген жандардың да тарихымен бөлісеміз».

Басты мақсат – ерекше бала бағып отырған аналарға қолдау көрсету. Портал арқылы бала ауруының бастапқы кезеңі, оны емдеу орындары мен құқықтарын білуге болады. Одан бөлек, оқырман аналар кездескен кедергілерін редакторға жолдауға мүмкіндік бар. Осылайша тағдырлас жандар мәселені бірігіп шешпек.

Әсем Амангелдіқызы, қала тұрғыны: «Балама 8 жылдан бері мүгедектік құжатын ала алмай жүрген едім. Қайда барсақ та баланың ауру екенін дәлелдей алмай келдік. Жақында ғана осы мәселені порталға жаздым. Шешімі табылып, көптен күткен құжатқа қол жеткіздім. Жалпы өзге ата-аналардың өз тәжірибесімен бөлісіп, жол сілтеуі бізге ауадай қажет».

Шымкент қаласы бойынша 18 жасқа толмаған 5200 мүгедек бала тіркелген. Бүгінде олардың басты проблемасы оңалту орталығы мен арнайы мектептердің жетіспеушілігі. Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті ол үшін 2020 жылы 3 жылға 58 млрд. теңге бөлген болатын.

Назерке Үкібасова