Семейлік тұрғынның ұялы телефонын тонап кеткен күдіктілер ұсталды

198

Сарыағаш АПБ-не қызмет бабымен Сарыағашта жүрген семейлік азамат арызданады. Ол өз арызында белгісіз жігіттер құны 80 000 теңге тұратын ұялы телефонын күш қолданып, тартып алғанын көрсеткен.

Жәбірленушінің айтуынша ол қаланың белгілі караоке-кафелерінің бірінде түнгі уақытта таныстарымен отырған және біршама уақыттан кейін көрші үстелдегі бейтаныс жігіттер жандарына отыруды сұрап жайғасқан, алайда жаңа танысқан жігіттер арасында түсінбеушілік орын алып, төбелес болып, нәтижесінде ұялы телефонын тартып алған.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркелген. Орын алған қылмысты ашып, күдіктілерді ұстау мақсатында Сарыағаш АПБ-нің тәжірибелі қызметкерлері тез арада қажетті деп танылған барлық іс-шараларды жүзеге асырды.

Жәбірленушінің сипаттамасымен күдіктілердің түр-тұлғасы жасалып, нәтижесінде жеке-бастары анықталды. Тәртіп сақшылары 2 күдіктіні де үйлерінен ұстап, біреуінің үйінен айғақты зат ретінде ұрланған қалта телефонын тәркілеп алды. Алынған телефон заңды иесіне қайтарылды. Тергеу барысында күдіктілердің екеуі де жергілікті тұрғындар болып шықты. Күдіктінің біреуі қамауға алынса, екіншісінің бас шарасы «міндеттеме».

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде, телефоны табылған жәбірленуші полицейлерге алғысын білдірді. Жұмыстарына сәттілік тілеп, жүрекжарды сөздерін арнады.

 

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі