Енді мектепте баласы телефон қолданғаны үшін ата-аналарға айыппұл салынуы мүмкін. Мақсат – балалардың сабақ үстінде оқу процесіне толық көңіл бөлуін қамтамасыз ету. Сарапшылардың айтуынша, оқушының назары қоңыраулар мен хабарламаларға бөлінбеген кезде үлгерім артып, сыныптағы тәртіп жақсарады.
Жаңа ережеге сәйкес енді оқушы сабақ үстінде телефон қолданса жауакершілік ата-анаға жүктеледі. Бұл ереже – баланың назарын сабаққа толық аудару, білім сапасын арттыру және тәртіпті күшейту мақсатында енгізілуде. Сарапшылардың пікірінше, телефонға алаңдамайтын оқушы оқу материалын тез әрі жақсы қабылдайды. Ал бұл өзгеріс жайлы пікір ата-аналар арасында 2-ге бөлінді
«Дұрыс емес. Мектепте телефон қолданбауы керек қой. Сөздің ашығы негізі».
«Жо-жоқ дұрыс емес. Алып қойып жинап. Қайта қоңырауда берсе болады гой».
«Енді сабақта телефон қолданбау керек. Телефон қолданғаннан кейін білім болмайды ғой бәрібір».
Шымкенттегі №1 мектеп-гимназиясында смартфондар сабақ уақытында сынып жетекшілеріне тапсырылады. Мұғалімдердің айтуынша, ата-аналарға алдын ала ескертілген, тіпті бұл талап келісімшартта да көрсетілген. Барлық телефондар арнайы шкафқа салынып, құлыпталады.
Феруза Мырзарахимова, №1 мектеп-гиназия мұғалімі: «Бұл – қазіргі кезде өте маңызды талап. Себебі сабақ барысында балалар телефонға жиі алаңдайды. «Тек уақытты қараймын» деп ашқан күйі, артынша түрлі қосымшаларға кіріп кетуі мүмкін. Сондықтан бұл ереже оқу процесіне толық көңіл бөлуге көмектеседі».
Егер мұғалім ереженің бұзылғанын анықтаса, жауапкершілік ата-анаға жүктеледі. Сондықтан сарапшылар ата-аналардың балаларға бұл талаптың маңызын түсіндіруі керектігін айтады.
Ирина Смирнова, ҚР Мәжіліс депутаты:»Бүгінде мұғалім телефондарды сөндіріңдер дейді, бірақ кей оқушылар ата-анам рұқсат етпейді, телефон өшірулі болмауы керек деп жауап береді. Ал оқу – оңай емес, толық назарды талап етеді».
Айта кетейік, телефон пайдалану алғаш рет анықталса – ескерту беріледі. Ал қайталанса немесе талапты өрескел бұзса – – ата-аналарға 5 АЕК көлемінде, яғни шамамен 19 жарым мың теңге айыппұл салынуы мүмкін. Айыппұлды мектеп шақырған полиция қызметкері рәсімдейді. Сарапшылардың айтуынша, бұл талап мектептегі тәртіпті күшейтіп, оқу процесіне деген құрметті арттыруға бағытталған.
Ботакөз Әнуар






