Өскемен қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ҚАЖД қызметкерлерімен бірлесіп, түзету мекемелері аумағына тыйым салынған байланыс құралдарын өткізу үшін жасалған екі әрекеттің жолын кесті.
Алғашқы жағдай өндірістік цехқа арналған жабдықтарды алып келген «Газель» маркалы автокөлікті жоспарлы тексеру кезінде анықталды. Көлікті тексерген бақылау тобы арнайы металл іздегіш құралын қолданған. Құрылғы жүктің ішінде бөгде металл заттардың бар екеніне белгі берген.
— Жүксалғышта тұрған тігін машиналары назарымызды аудартты. Оларды тексеру кезінде мотор бөліктерінің корпустары бұзылған іздер анықталды. Бір машинаны бөлшектеп ашу барысында ішінен жасырылған байланыс құралдары табылды, — деді бақылау тобының бастығы кіші сержант Рүстем Қабдиев.
Тексеру нәтижесінде 8 мобильді телефон, 7 SIM-карта және 4 қуаттағыш құрал табылып, мекеме әкімшілігіне өткізілді. Аталған факт бойынша құқық қорғау органдары тексеріс жүргізуде.







