Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі Чжан Сяомен кездесті.
Кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудың және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығы атап өтілді.
Әңгіме барысында Ерлан Қуанышұлы Шымкент қаласының экономикалық дамуы мен инвестициялық әлеуеті туралы мәлімдеді.
«Өзіңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинде өткен Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің алтыншы отырысының ашылуында Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда және экономикалық әріптестерінің бірі екенін айтқан болатын. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін өндірісі мен инфрақұрылымы дамып келе жатқан мегаполиске шетелдік инвесторларды шақырамын. Себебі, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі транзиттік дәліздері бар Шымкентте инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Сондықтан біз түрлі бағытта әріптестік орнатуға ниеттіміз және дайынбыз», — деді қала әкімі.
Өз кезегінде елші Чжан Сяо Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі мемлекеттің достық қарым-қатынасын нығайтуға қосқан зор үлесі мен үлгілі сара жолын әрі қарай жалғастыру қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ, елші инвесторларға қатысты айтылған пікірмен келісетінін және осы бағытта жұмыстар атқарылатынын айтты.
Жиын соңында қала басшысы бұл кездесу екіжақты мәдени, білім, әлеуметтік экономикалық саланың дамуына септігін тигізеріне сенім білдірді.