Шымкентте аңызға айналған «Мелиоратор» футбол командасының 50 жылдық мерейтойы атап өтілді. Салтанатты турнирге Өзбекстан, Алматы және Тараз қалаларынан футбол ардагерлері жиналды. Алаңға шымкенттік «Шымқала» мен «Динамо» командалары да шықты. Қатысушылар үшін бұл кездесу – тек спорттық бәсеке емес, ескі достармен қауышып, естеліктермен бөлісуге және команданың негізін қалаған Манап Өтебаевты еске алуға арналған игі шара болды.
ОКТАМБЕК СҰЛТАНОВ, «МЕЛИОРАТОР» КОМАНДАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: «Бүгінгі басқосуымызға Ташкенттен, Алматыдан, Тараздан және жергілікті командалардан ардагерлер келіп отыр. «Мелиоратор» — кезінде іргетасы берік қаланған команда. Бүгінгі шараның басты мақсаты — Шымкент пен Қазақстан футболына өлшеусіз үлес қосқан, бізге жолдама берген Манап Өтебаевты еске алу. Сонымен бірге, бізбен иық тіресе өнер көрсеткен, бүгінде арамызда жоқ достарымызды да еске аламыз. Келген барлық командаға алғысымды айтамын. Ойындарды көріп тұрсыздар: аға буын өкілдері 70-ке таяп қалса да, 18 жастағыдай құлшыныспен ойнап жүр».
«Мелиоратордың» тарихы 1976 жылы Манап Өтебаевтың бастамасымен гидромелиоративті-құрылыс техникумында басталды. Студенттік команда ретінде құрылған ұжым көп ұзамай кәсіби деңгейге көтеріліп, КСРО чемпионатының екінші лигасында өнер көрсетті. Өз аймағында бірнеше мәрте топ жарған команда қазақ футболының дамуына үлес қосқан талай талантты тәрбиелеп шығарды.
ВИЛЛИ ГРАФ, «МЕЛИОРАТОР» КОМАНДАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: «Манап Өтебайұлының құрметіне турнир ұйымдастырылатынын естігенде, бірден келістім. Бұрынғы достарым мен әріптестерімді қайта көргеніме өте қуаныштымын. Жасымыз ұлғайса да, көңіліміз жас. Осы турнирге шақырту алып, ескі күндерді еске алғанымызға дән ризамын».
Бүгінде «Мелиоратор» — тек спорттық ұжым емес, шымкенттік футбол тарихының жарқын бөлігі. Жарты ғасыр ішінде ойыншылар мен жанкүйерлер буыны ауысса да, командалық рух пен жеңісті күндер туралы естелік өшкен емес. Мерейтойлық турнир футбол достығының уақытқа бағынбайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ботакөз Әнуар





