Жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық мектептерде жаңа міндетті пәндер енгізіледі. Оқушылар «Конституция негіздері», «Заң және тәртіп», «Жеке қауіпсіздік» курстарын оқиды. Сонымен қатар бірінші сыныптың оқу бағдарламасы жаңарып, бейімделу кезеңінен өтеді. «Әліппе» мен «Ана тілі» пәнінің оқытылу тәртібі де өзгереді. Білім саласындағы өзгерістер туралы толығырақ – алдағы сюжетте.
Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде жаңа міндетті оқу пәндері енгізіледі. Бұл туралы оқу-ағарту министі Жұлдыз Сүлейменова үкімет отырысында хабарлады. Министрдің сөзінше, өзгеріс бүгін күшіне енген Жаңа Конституция негізінде әзірленген. Сонымен, енді қай сынып оқушылары қандай жаңа пәндерді оқиды?
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ: «Жаңа оқу жылынан бастап 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. Ал 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп» міндетті курсы оқытылады. Бұдан бөлек, 5–11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы…. енгізіледі».
Сонымен қатар, бастауыш сынып оқушыларына арналған білім беру жүйесіне де өзгерістер бар. Нақтырақ айтқанда, білім беру бағдарламасының мазмұны қайта қаралып жатыр. Ал бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі енгізіледі. Соған сәйкес оқу жүктемесі азайтылып, білім берудің тәжірибелік бағытына басымдық беріледі. Бағдарламалар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай бейімделеді.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ: «Әліппе» пәнін оқытуға 84 сағат бөлінді, ал «Ана тілі» пәні екінші жартыжылдықта оқытылады…. сәйкестендірілді».
Министр бұған дейін мектеп оқулықтары қайта жазылатынын мәлімдеген. Барлық пән бойынша оқулықтар жаңаратынын айтқан. Мұны әр 5 жыл сайын қайта басылатынымен түсіндірген. Ол баспа басшыларымен кездесуде оқулықтардан 700-ден аса қате анықталғанын хабарлаған еді.
Дилара Иса



