Úı ANONS Жаңа Конституция — жаңа кезеңнің бастауы

Жаңа Конституция — жаңа кезеңнің бастауы

Бүгін Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи маңызы зор оқиға орын алды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енді. Бұл – елдің құқықтық жүйесін жаңғыртып, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған жаңа кезеңнің бастауы. Осыған орай, бірқатар оқу орындарының басшылары мен қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, мәслихат депутаттары және қоғамдық кеңес мүшелері бас қосты. Жиынға қатысушылар, жаңа Конституцияның ел үшін маңызы зор екеніне тоқталды. 

 

Жаңа Ата Заң 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда халықтың басым қолдауына ие болды. Осылайша, ел азаматтары мемлекеттің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды шешім қабылдап, жаңа Конституцияны таңдады. «Бұл, тек құқықтық құжат қана емес, халық пен мемлекет арасындағы өзара сенімнің, бірлік пен жауапкершіліктің жаңа үлгісі» деді Сәрсен Құранбек.

 

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Конституцияда білім, ғылым және инновация мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде белгіленуі де ерекше маңызға ие. Бұл еліміздің келешегін білімді ұрпақпен ғылыми ізденіспен және жаңа технологиямен байланыстыратын айқын бағдар, сонымен қатар, отбасы институтын қорғау, мемлекеттің зайырлы сипатын нақтылау, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту да жаңа конституцияның мазмұнын байыта түсті».

 

Жаңа Конституцияда айқындалған қағидаларды жүзеге асыру мемлекеттік органдармен қатар, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осы бағытта ел дамуына үлес қосып жүрген белсенді жастар ерекше марапатталды. Салтанатты шарада олардың қоғамдық бастамалары мен еңбегі жоғары бағаланды.

 

Жиынға қатысушылар жаңа Конституцияның елдің тұрақты дамуы мен болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Олардың айтуынша, жаңартылған Ата Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, әділетті қоғам қалыптастыруға негіз қалайды. Сонымен қатар, құжат мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және заң үстемдігін нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Қазақстан тарихындағы қос палаталы Парламенттің 30 жылдық қызметі аяқталып, бір палаталы жаңа заң шығарушы орган Құрылтай құрылады.

 

МҰРАТӘЛІ  ҚАЛМҰРАТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Осы орайда бабалар дәстүрімен заманауи демократияны ұштастырған ұлттық құрылтайдың рөлі ерекше екенін айтқым келеді. Құрылтай жай ғана сөз емес немесе жиын емес. Жақында ғана мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев біз Алтын орда мемлекеттің мұрагері екенімізді баса аййтқан.  Осы Алтын орда мемлекетінде құрылтай жиыны болған. Одан кейін қазақ хандығында болған. Сол уақытта мемлекеттік деңгейдегі азаматтар бас қосып, сол жиында үлкен мәселені шешетін жиын ретінде қарастырылған».

 

Естеріңізге сала кетейік, 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда дауыс беруге құқылы азаматтардың 70,98 пайызы өз таңдауын жасады. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс бергендердің 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған болатын.

Нұргүл Жолымбетова