Түркістан облысы Сарыағаш аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бюджет қаражатын негізсіз аударып алғаны анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті. Прокуратура дерегінше, аудандық прокуратура айтулы бөлімнің жұмысына талдау жасаған. Нақтырақ айтқанда, «Аялы алақан» және «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының бюджет қаражатын мақсатсыз әрі заңсыз жұмсағанын анықтаған. Яғни, мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша іс жүзінде жеткізілмеген тауарлар мен орындалмаған қызметтер үшін бюджет қаражаты аударылған.
ҒАЗИЗ ІҢКӘРБЕК, САРЫАҒАШ АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ: «Атап айтқанда, мекеме лауазымды тұлғалары бірқатар жеке кәсіпкерлермен келісіп, нақты жеткізілмеген тауарлар мен көрсетілмеген қызметтерді қабылдау актілеріне қол қою арқылы бюджет қаражатын негізсіз аударған. Прокуратураның бастамасымен тағайындалған сот-бухгалтерлік сараптама қорытындысына сәйкес мемлекетке келтірілген материалдық залал көлемі 13,3 млн. теңгені құрады».
Анықталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» бабымен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Ал өзге ақпарат тергеу құпиясына байланысты жариялауға жатпайды деп хабарлады прокуратура.
Дилара Иса




