«Асар» шағынауданында салынған көпқабатты үй тұрғындары шу шығарды

544

Дәл осы «Асар» шағынауданында салынған көпқабатты үй тұрғындары шу шығарды. Қолданысқа берілгелі төрт жылға жетпей баспана іргетасы шөгіп, қабырғасы жарыла бастаған. «Бас жарылса, бөрік ішінде». Тұрғындар оған да шыдайтын ба еді?! Егер үйдің сыртының сылағы көшіп, жырым-жырымы шыққан қайыршының киіміндей кейіпке түспегенде…

«Біз көшіп келген кезде мынадай «осадок» жоқ болатын. Көшіп келгеннен кейін мынау мынадай ашық болды. Мынау екі ортасы ашылып қалды. Сөйтіп біз оларға ескерткеннен кейін мынадай «пена» құйып берді. Қазір мынау бара-бара түсіп жатыр», дейді тұрғындардың бірі.


«Асар» шағынауданындағы 5 қабатты 30 үйдің мемлекеттік қызметкерлерге пайдалануға берілгеніне әлі 4 жыл да толмаған. Бүгінгі күйі мынау. Бір үйдің іргетасы шөксе, енді бірінің қабырғасына сызат түскен. Ал көбінің қасбетіне қарап оның жаңа екеніне сене алмайсың. Нысандарды тұрғызған мердігер компания болса, қабырға сылағының борша үгілуіне өздері үй құрылысына пайдалаған бір материалдың сапасыз боп шығуы себеп дейді.


Мердігер компания өкілі: «Скайбер деген материал мынау. Үстінен «утеплитель» ретінде берілген. Мойындағанда мен енді өзім қоймағанмын ғой скайберді. Жобада берілген зат қой. Маған салса, сайдинг қоятын едім».

Ал тұрғындар «үй қалай болса солай салынған» деп ашулы. Солардың кесірінен жертөлемізді үнемі су алып, қабырғалар жарылып, баспанамыздың тоз-тозы шықты дейді. Ал «Ақ Орда корпорациясы» құрылыс компаниясының кепілдеме негізінде бірнеше рет істеген жөндеу жұмыстарын асарлықтар тек жай көзбояушылыққа балап отыр.

Жазира Өмірзақ, «Асар» шағынауданының тұрғыны: «Келеді, істеп береміз дейді де сыртын істеп кетеді, жамап-жамап кетеді. Бізге жамап кеткенінің керегі жоқ. Бізге үйдің сыртын жақсылап істеп берсін. Біз мысалға мұны ипотекаға алдық. Қазір 2-3 жылда осындай болып жатса, 20 жылда құлап қалар».

Мемлекеттік қызметкерлерге үйді жалға берген «Қазақстан ипотекалық компаниясы». Үйді тұрғызған мердігер компанияға тұрғындармен қоса олар да өкпелі.

Жаналы Наралиев, «ҚИК» АҚ-ның өкілі: «Бір үйден екінші үйге суы ағып жатыр. Оның бәрін мердігерлерге айтқанбыз. Олар «біз қарастырамыз болды, жасаймыз» деген. Нақты мерзімін айтпайды. Кепілдік берілген мерзімде істеп береміз деп ұзаққа созылып кетті ғой. Осы уақытқа дейін тек ара-тұра жасап берді айтқан уәделерінде тұрмай».

Осы үйлерді соққан мердігер компанияның өкілі үйге берілген 3 жылдық кепіл мерзім өтті дейді. Десе де, тұрғындар қайта-қайта талап еткен соң өздері кезінде пайдаланған сапасыз материалды алып тастап, оның орнына өзге сапалы материалды пайдаланбақ. Дегенмен, құрылыстың нақты қашан аяқталатынын айта алмады.

Айдар Есенбеков, «Ақ Орда» корпорациясының өкілі: «Әкімшілікке өзіміздің ұсынысымызды бердік. Әкімшілікпен осы жаздан сол мәселелерді ақылдасып жатырмыз, егер әкімшілік қолдап жатса өзіміздің көмегімізді береміз. Бірден шешілетін мәселе емес бұл. Уақыт керек. Қанша уақыт керек екендігін анығын айта алмаймын».

Баспана базынасын айтып жергілікті құзырлы орындардың табалдырығын тоздырған асарлықтар енді мәселе толықтай шешімін табуы үшін Ақордаға шағымданбақ.

Меруерт Ахан