Úı ANONS Шымкентте 96 мыңнан аса адам үй кезегінде тұр

Шымкентте 96 мыңнан аса адам үй кезегінде тұр

Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны 96 мыңнан асты. Биыл баспана кезегін қысқарту үшін қанша пәтер беріледі? Жалдамалы және несиелік тұрғын үйлер кімдерге арналған? Мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болудың басты талаптары қандай? Сондай-ақ, жыл басынан бері қанша отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді?

 

Шымкентте бүгінде 96 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Қала әкімдігі апта сайын баспана кілттерін табыстап келеді. Биыл жыл соңына дейін 7400 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оның 2800-ден астамы – жалдамалы, ал 4600-ден астамы – несиелік тұрғын үй. Қазірдің өзінде 2638 пәтердің кілті иелеріне тапсырылған.

 

Несиелік бағыттағы пәтерге қол жеткізу үшін алдымен тұрғын үй кезегіне тіркелу қажет. Кейін азаматтың табыс көзі тексеріліп, кезегі келгенде «Отбасы банк» арқылы төмен пайыздық мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі беріледі. Осы бағдарламалар аясында салынған тұрғын үйлерден пәтер конкурс негізінде үлестіріледі. Ал тұрғын үй кезегінде тұрмаған азаматтар бұл бағдарламаларға қатыса алмайды.

 

Айта кетейік, соңғы бес жылда Шымкентте 6 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Ал өткен жылы 1,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

 

Дилара Иса