Шымкентте мереке қарсаңында 50 отбасы жаңа баспананың кілтіне ие болды. Ақжайық шағынауданынан пәтер алғандардың қатарында әлеуметтік осал топ өкілдері мен көп жыл ұстаздық еткен жандар бар.
19 жастағы Айда Нышанбай баспаналы болды. Ол биыл қаламыздағы белді жоғары оқу орнының 1 курсын тәмәмдап жатыр. Ол былтыр үй кезегіне тұрған. Әлеуметтік статусына байланысты жергілікті билік бойжеткенді бірден назардан тыс қалдырмай, баспанамен қамтыған. Сондықтан болар, Айданың қуанышында шек жоқ.
АЙДА НЫШАНБАЙ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мен өте қуаныштымын осы Ақжайық конкурсынан 2025 жылы кезекке тұрып үй алдым. Осы беріп жатқан өкіметке, алғыс рақмет айтамын. Әкімшілікке»
Ал Қалдықыз әжей немересінің шашбауын көтере келіпті. Ол Айданың шаңырағын тіктеп, өз алдына отау болғанына дән риза.
ҚАЛДЫҚЫЗ ҚАРАБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Қоныс тойына ие болып жатыр жаным. Там алып жатыр. Қызым осы отанында бақытты болсын. Жақсы өмір сүрсін. Баршаларыңа рақмет шырағым. Міне Айданың кілті. Нышанбай Айданың кілті. Міне өзің ұста жаным».
Сонымен қатар, 40 жыл жалықпай ұстаздық еткен Гүлбаһрам Қожанова да жаңа қонысқа көшті. Ол үй кезегінің келуін 10 жыл күткен. Енді жеңілдетілген несие арқылы аз пайыздық мөлшерлемемен 3 бөлмелі пәтерге қолжеткізіп отыр.
ГҮЛБАХРАМ ҚОЖАНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Қала тұрғындарын құттықтаймын. Барлығының көздері балбұл жайнап осы баспанаға ие болып жатқандарына өте қуаныштымын. Мінекей Құдайға шүкір осы баспанаға ие болып отырмыз. Өте қуаныштымын. Барлықтарыңа, Қазақстан елінің азаматтарына, Шымкент тұрғындарына жұғысты болсын».
Осылайша, демалыс күндері жалпы саны 50 отбасы жаңа пәтерге көшіп кірді. Олардың барлығы «Ақжайық» шағынауданындағы тұрғын үй конкурсына қатысқан. Жауапты мамандардың айтуынша, баспаналар ең алдымен ерекше қолдауды қажет ететін жандарға беріледі.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.: «Бұлараматтардың ішіндегі бастапқы 1-2 топ мүгелдекттері, мүгедек бала асыраушы отбасы, көпбалалы отбасылар, ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері кілттерін алуда. Бұл пәтерге Ақжайықмөлтек ауданында орналасқан. Барлық инфрақұрылыммен жабдықталған».
Жалпы, «Ақжайық» шағынауданынан жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша 780 пәтер беру көзделген. Қазірге дейін оның 500-ге жуығы «Отбасы банк» арқылы іріктеліп, өз иелерін тапты. Ал жыл соңына дейін қалада әлеуметтік осал топқа жататын 6 жарым мыңнан астам тұрғынды баспанамен қамту жоспарда бар.
Әсел Мәлік






