Úı ANONS Тұрғын үй реформасы: Тұрғындар таңдау жасауға асығар емес

Тұрғын үй реформасы: Тұрғындар таңдау жасауға асығар емес

фото Егемен.кз

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы реформа аяқталуға жақын. Алайда басқарудың жаңа нысандарына көшу үдерісі қарқынды жүріп жатқан жоқ. Көптеген пәтер иелері кооперативтері әлі күнге дейін қайта тіркеу рәсімін аяқтамаған. Ал тұрғындар өз үйлерінің алдағы басқару жүйесін таңдауға асығар емес. Сарапшылар мұны ұйымдастыру жұмыстарының күрделілігімен және тұрғындардың белсенділігінің төмендігімен байланыстырады. Оның үстіне, ескірген тұрғын үй қоры жыл сайын көбірек қаржы талап етуде.

 

Шілде айының ортасына дейін тұрғын үй иелері өз үйлерін басқару нысанын таңдауы тиіс. Реформа толық аяқталғаннан кейін көпқабатты үйлерді басқарудың екі ғана түрі қалады. Олар,  мүлік иелерінің бірлестігі және шағын үйлерге арналған тікелей бірлескен басқару нысаны. Егер тұрғындар қолданыстағы пәтер иелері кооперативтерінен бас тартса, ол таратылуға жатады. Ал жұмысын жалғастырғысы келетін кооперативтер қайта тіркеуден өтуі қажет. Алайда бүгінде елдегі 1700-ге жуық мекеменің тек бірнеше ондағаны ғана бұл рәсімді аяқтаған.

 

АЛЬБИНА МҰХАМЕДЬЯРОВА, «ҚОСТАНАЙ ҚАМҚОР» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: «Бізде алпыс үйді біріктіріп, отыз үйге қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативінің өндірістік кооперативі мен пәтер иелері кооперативтертері бар. Әр үйде жиналыс өткізіп, олардың кеңесінің құрамына кіретін меншік иесін табудың өзі оңай емес. Қазіргі таңда екеуі ғана қайта тіркеуден өтіп, рәсімді толық аяқтады. Кейбіреулері таратылып, мүлік иелерінің бірлестігіне көшті. Себебі олар бір ғана үйді басқарған. Қалғандары тұрғындармен жиналыс өткізіп жатыр».

 

Мамандардың айтуынша, басты мәселелердің бірі – үйді басқаруға жауапкершілік алатын белсенді тұрғындардың аздығы. Көптеген қазақстандықтар тұрғын үй реформасына әлі де сақтықпен қарап, шешім қабылдау процесіне белсенді араласуға асықпайды.

 

ЛЮДМИЛА ГАЛЮКЕВИЧ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ БАСҚАРУ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ НЫСАНДАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: «Белсенді тұрғындар көп емес. Көпшілік чатта отырып алып, «мынаны істеңдер, ананы істеңдер» деп талап қойғанды жөн көреді. Бірақ көршілеріне «пәтер иелері кооперативіне немесе басқарушы компаниямен бірге шығып, мәселені бірлесіп шешейік, олардың бастамасын қолдайық» дей бермейді. Ал тұрғындардың қолдауы болған жерде жұмыс та нәтижелі болады. Ондай үйлердің жағдайы да әлдеқайда жақсы».

 

Тағы бір өзекті мәселе – тұрғын үй қорының техникалық жағдайы. Көптеген үй жылдар бойы ең төменгі тариф бойынша қызмет көрсетілгендіктен, шешілмей қалған мәселелер қордаланып қалған. Жаңа басқарушы компаниялар тексеру жүргізген кезде тұрғындар алғаш рет үйдегі проблемалардың қаншалықты ауқымды екенін біліп жатады. Содан кейін олардың неге осы уақытқа дейін шешілмегеніне таңырқайды. Бұл тұрғындардың сенімсіздігін күшейтеді.

 

Заңгерлердің айтуынша, мемлекет көп жылдан бері меншік иелерінің ортақ мүлікке деген жауапкершілігін арттыруға тырысып келеді. Алайда іс жүзінде тұрғындардың бәрі бірдей үйді күтіп ұстауға қосымша қаржы жұмсауға дайын емес.

 

ЕВГЕНИЙ ЯВОРСКИЙ, АДВОКАТ: «Ескі үйлерде, әсіресе екі қабатты шағын ғимараттарда мәселе өте көп. Бірақ негізгі түйткіл – тұрғындардың табысы бұл проблемаларды шешуге жеткіліксіз. Меніңше, мәселенің түп-төркінін тереңірек қарастырып, халықтың табысын арттыруға көңіл бөлу қажет. Өйткені ортақ мәселелерді шешу үшін қаржы жинау керек болған кезде адамдар арасында келіспеушілік туындайды».

 

Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлердің басым бөлігі ескі тұрғын үй қорына жатады. Сондықтан оларды күтіп ұстау мен жөндеуге қомақты қаржы қажет. Алайда тұрғындардың көбі әлі де ең төменгі тарифпен төлем жасауды жөн көреді. Ал мұндай қаражат ортақ мүлікті сапалы күтіп ұстауға және қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізуге көбіне жеткіліксіз.

Нұргүл Жолымбетова