Сайрам АПБ-не базарда сауда жасаумен айналысатын жергілікті 2 тұрғын арызданады. Жәбірленушілердің біріншісі дүкенде тұрған сөмкесінің ішінен 90 000 теңге ақшасы бар әмиянын ұрлап кеткенін айтса, екінші арызданушы 60 000 теңгелік ұялы телефоны мен 20 000 теңгеге жуық қаражатын ұрлатқанын көрсетеді.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді. Қылмысты жасаған күдіктіні анықтау мақсатында аудандық полицейлер тез арада бағыт алып, жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
Осы күндер аралығында яғни 3 күн өткеннен кейін тағы 2 жеке кәсіпкерлер, базарда өздерінің ақшалары мен ұялы телефондарын ұрлатқанын айтып, шағым түсіреді. Бұл жолы жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 200 000-нан астам теңгені құрады. Барлық қылмыстардың жасалу жолы бір болғандықтан күдіктінің бір адам екенін топшылаған полицейлер шұғыл әрекетке көшті.
Куәгерлерден сұрастырды, жақын аймақтарды аралап шықты, бейнебақылау камераларын мұқият тексерді. Тәртіп сақшыларының қылмыс жасаған белгісізді ұстау мақсатында жасалған іс-шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке-басы анықталып, ол тұрғылықты мекен-жайында ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында күдіктінің аталған 4 өзгенің мүлкін ұрлау жайтына қатыстылығы белгілі болды. Ұрлаған ақшаларды бас пайдасына жаратып жібергендігі айқындалды. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысы полицейлері түрғындардың әмияндарына, бағалы заттарына сауда дүкендерінде, базарларда сақ болуды ескертеді. Өйткені, адамдар көп шоғырланатын жерде ұрылар өздерінің жымысқы әрекеттерін жасауға тырысады. Сондықтан қоғамдық орындарда барынша сақ болыңыздар.