Білім саласындағы былықтар….

367

Білім саласы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттен алыс емес. Осылай деген Асхат Жұмағали өткен жылдың басында алдымен басқармадағы лауазымды тұлғаның ұсталғанын айтады.

Ол мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісінен 400 мың теңге аламын деп сотталса, мектеп директорлары мұғалімдерден ақша алып айыпталған. Әрқайсысының құлқыны әртүрлі. Бірі 50, енді бірі 500 мың теңге алған.


Асхат Жұмағали, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: «Тағы бір проблема мектептегі балаларға тегін берілуі керек тамақ. Ол да жемқорлыққа жол ашып отырған сыңайлы. Себебі қаламызда берілуі керек тегін тамақты даулап жүрген ата-аналар көбейіп кетті. Бізде бір сұрақ бар. Осының барлығын білім саласына жауаптылар неге назарға алмайды?».


Жалпы былтыр мемлекеттік қызметкерлер жасаған 60 коррупциялық қылмыс анықталған. Салдарынан 38 парақор сотталып кетті. Оның 10-ы басшы. Лауазым иелерінің мұндай әрекетке неліктен жол беретінін қалалық маслихатының хатшысы түсіндіруге тырысты.

Ғани Ташқараев, Шымкент қалалық маслихатының хатшысы: «Біреулер білмей алатын шығар. Немесе ақшаға қызығып алатын шығар. Ақша керек. Қаражат жетпей ме?! Айлық жетіспей ме? Соны түсінбеймін».

Жемқорлық жайы жыл сайын сөз болғанымен, одан парақорлар азайып жатқан жоқ. Жауаптылар әзірге тек мұны болдырмау жолдарын айтқан ұсыныстарын жоғары жаққа жолдаумен келеді.

Назерке Үкібасова