Халық айтқан мәселенің шешімі 10 күнде ұсынылуы тиіс

69

Халыққа есеп беру кезінде тұрғындар тарапынан айтылған мәселені шешу жолдарын әкімдер 10 күнде табуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлыққа бірқатар өзгерістер енгізді.

Енді есеп беру кездесулері өтетін күннен бір ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында, ресми интернет-ресурстарда жəне әкімдердің жеке аккаунттарында кездесуді өткізу кестесі жарияланады. Онда алдағы есеп беруге халықтың сұрақтары мен ұсыныстарын қалай жолдай алатындығы да міндетті түрде көрсетілуі керек.

Әкімдер халықпен кездесуден бір күн алдын және кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдау өткізетін болады. Сонымен қатар, әкімдердің халыққа есеп беру кездесуі әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда онлайн-трансляция түрінде де таратылуы тиіс.

Техникалық мүмкіндік болса аудан орталықтары және басқа да елді- мекендермен бейнеконференция байланысы ұйымдастыруы керек. Ал халық көтерген мәселені шешу жолдары азаматтарды қабылдау аяқталған күннен бастап 10 күннен кешіктірілмей ресми-интернет ресурстарда жариялануы керек. Олардың шешілу барысы есепті кезеңнен кейінгі айдың оныншы күніне қарай әкімдік сайттарына және жергілікті БАҚ беттерінде жариялануы тиіс.

Меруерт  Ахан