Еркек денсаулығына қауіп

509

Еркек денсаулығы. Көп айтылмайтын, айтпайтын тақырып. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасынан да аңғару қиын емес. Ұйымның мәліметінше, әлемдегі еркек қауымның 10 пайызы ғана өз денсаулығын ойлайды екен. Дәрігерлердің айтуынша, еркектер дерті дендегенде ғана емханаға келеді. Ал урология мәселесіне келгенде, кежегесі кері тартып-ақ тұрады. Ұялады не мойындағысы келмейді.

АУРУЫН ЖАСЫРАДЫ…

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы «Ерлер денсаулығы» орталығының жетекшісі, андролог, уролог Мырзахмет Жанәділовтің сөзінше, ер адамдар ауруын жасырады. Басы ауырып, балтыры сыздағанын былай қойғанда, репродуктивті жағдайы нашарласа да сол туралы айтуға ұялады. Салдарынан денсаулығы сыр беріп, тіпті бала сүю бақытынан айырылғаны да жоқ емес.
– Көптеген еркектер жыныс ауруларына шалдықпағанша, өз денсаулығына мән бермейді. Күтінбейді. Ал ауруды емдегенше оның алдын алған жөн. Сондықтан қолды мезгілінен кеш сермемес үшін дер кезінде дәрігерге қаралап, профилактикалық және ем-домдық шараларды қабылдаған жөн,- дейді Мырзахмет Жанәділов.
Осы орайда дәрігер еркектердің денсаулығын сақтап, бақытты отбасын құру үшін кеңесін де айтты.

ЕРКЕК ДЕНСАУЛЫҒЫ ӘЙЕЛДЕН БАСҚА

– Жалпы, еркектер мен әйелдер ағзасының қызметінде айырмашылық көп емес. Дегенмен бар. Кикілжің, отбасындағы эмоциялық реніш пен қызметтегі күйзеліс әйелдердің де, ерлердің де жүйке жүйесіне бірдей күш түсірсе, оның нәтижесі екі тарапта әртүрлі болып байқалады. Мәселен, ер азаматтарда жыныс мүшесінің тамыры тартылады. Бұл — еркектік қауқардың бұзылуына әкеп соқтырады. Күйзелістен иммунитет те төмендеп, қуықасты безі және «маңызды» мүшелері қабынады. Бұған экологиялық жағдайды және ретсіз тамақтануды қосыңыз. Осының өзі-ақ, уролог пен андрологтың қабылдануына жазылуға себеп бола алады,-дейді маман.
Андрология — медицинаның ең жас саласы. Оның негізі шамамен осыдан 30 жыл бұрын қаланыпты. Андрологтың урологтан айырмашылығы — ол еркектерді қарап, емдейді. Ер азаматтарға жыныстық мәселелерін шешуге көмектеседі. Яғни, простатит, уретрит, жұмыртқа безінің қабынуы және ер азаматтардың жыныстық денсаулығына қатысты тағы да басқа мәселелерге назар аударады.
Есте сақтаңыз! Ер азаматтардың жыныс мүшелері ауруының 50%-ы белсіздікпен аяқталады.

БЕЛСІЗДІКТІ АЛДЫН АЛУ

Қазіргі таңда балаға зар боп жүрген отбасы көбейді. Мұның бірден бір себебі – ер азаматтың жыныс жолдары арқылы ағзаға түсетін инфекциялық аурулар. Ағзаға түскен инфекция жасырын түрде дамиды, сырт көзге көрінбейді. Байқала бермейді. Сөйтіп, бірнеше айдан соң бой көтеріп, созылмалы простатитке — қуық түбі безінің қабынуына әкеп соқтырады.
– Бұл ауруға шалдыққан ер азаматтардың саны күн санап артып келеді. Өкінішке қарай, ер азаматтардың жүріс-тұрысы аз өмір салтын ұстануы, алкогольді ішімдікті пайдалануы және жыныстық қатынасқа бей-берекет түсуі аталған аурудың жасаруына жол беріп жатыр. Ең қиыны – ауру жабысқан еркектердің жартысынан көбі әлі перзент сүймеген,-дейді маман.
Тағы бір ескеретіні, ер азамат өзінің инфекция тасушы екенін білмей «дертті» әйелге де жұқтырады екен.
– Кейбір ер азаматтар өздерінің бедеу екенін білмейді. Үйленген кезде ғана басын тау-тасқа ұрады. Бұған дейін отбасында бала болмаса, бірден әйелге көз алартушы еді. Өйткені, кінәраттың 90 пайызы әйелден болатын. Ал қазір керісінше. Медициналық тексеруден өткен соң, екеуінің де бедеу немесе бала сүю қабілетінің төмен екені мәлім болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасына сүйенсек, простатитпен ауыратын ер азаматтардың 15 пайызы жастар немесе енді ғана отбасын құрғандар. Мәлімет бойынша, отбасындағы бедеуліктің — 38 пайызы ер азаматтың, 40 пайызы әйелдің себебінен орын алады. Екі тараптан болған бедеулік — 22 пайызды құрайды,- дейді М.Жанәділов.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Маман уақытты уысынан шығармай жатып, дер кезінде дәрігерге қаралуға кеңес береді. Себебі, республика бойынша ерлердің 30 пайызы бедеу екен.
– Бізге келетін еркектердің дені белсіздік, бедеулік, простатит, аденома, гипогонадизм ауруына шалдыққан. Гипогонадизм дегеніміз – ерлердің 40-50 жастан кейін гормондары азаяды. Сол кезде олар тез толып кетеді, тез шаршайды және терлегіш келеді. Сонымен қатар, еркектердің тестостерондарын тексеріп тұру керек. Ерлердің ағзасындағы осы тестостерон азайса, тез қартаюына себеп болады. Дер кезінде емделмесе, өмірі қысқарады, – дейді ол.
Сондай-ақ, маман ғаламторда жарнамасы келіскен дәрі-дәрмекке сенім артуға болмайтынын айтады. Дұрысы – жылына бір рет уролог-андролог маманның қабылдауына жазылу. Дәрігерге қаралуды ауру белгі бергенде ғана емес, профилактика, денсаулық үшін әдетке айналдыру.
Артық салмағыңыз болса, қант диабеті, гипертония — қан қысымы, қуық түбі безінің созылмалы қабынуына шалдықсаңыз әр алты ай сайын маманға қаралған жөн.
– Көбірек қозғалу керек, аяқ және жамбас бұлшықеттеріне көбірек салмақ түсірген жөн. Жүгіру міндетті емес. Бір қалыпты, бірақ ұзақ жүру де жеткілікті. Шамамен күніне 3000 қадам (шаг) жүру керек. Сүйіктіңізбен жыныстық қатынасқа жүйелі түрде түсіп тұрыңыз. Жыныстық қатынас жүйесіз болса (көп немесе ұзақ уақыт болмау) да денсаулыққа зиян. Шамамен аптасына 2-3 рет. Дұрыс тамақтаныңыз. Сүтке піскен сұлы жармасы, көк шай, езіліп пісірілген жұмыртқа, сиыр еті мен бауыр, балық, ірімшік, жаңғақ, шемішке, мейіз, көкөніс жеген жөн. Ас ауқатқа теңіз өнімдерін, саңырауқұлақ, бұршақ тұқымдастарын да қосуға кеңес беремін. Олар ер азаматтарға қажетті тестостеронның бөлінуіне септігін тигізеді. Зиян әдеттерден арылыңыз. Бастысы — темекіні тастаңыз. Қуану да тестостеронның бөлінуіне септігін тигізеді. Сондықтан да көңіл-күйге де мән бергейсіз,-дейді дәрігер.

Қазақта: «ауруын жасырған өледі» деген сөз текке айталмаса керек-ті. Әсіресе, бедеулік пен белсіздік белең алған шақта ұяттың «қысуы» жөнсіз-ақ. Сондықтан да дәрігерге уақытылы қаралып, қай аурудың болмасын алдын алыңыз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №10, 4 наурыз 2020 ж