Úı ANONS Ұялы телефон мен мал ұрлығы көбейген

Ұялы телефон мен мал ұрлығы көбейген

Түркістан облысында ұрлық пен заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес күшейтіледі. Өңірде қылмыс азайғанымен, мал мен ұялы телефон ұрлығы әлі де өзекті. Ал онлайн-казино, қаржылық пирамидалар мен лудоманияға тосқауыл қою үшін қандай нақты тапсырмалар берілді? Облыс әкімінің жиынында көтерілген маңызды мәселелер – алдағы сюжетте.

 

Түркістанда облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті. Бұл жолы жиында екі маңызды мәселе қаралды.  Атап айтқанда, мүліктік қылмыстар, оның ішінде пәтер, автокөлік, мал, қалта және ұялы телефон ұрлығының алдын алу және  ойын бизнесіне, онлайн-казинолар мен қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы күрес  жайы талқыланды.

 

Облыс әкімі мемлекеттік қызметкерлер арасында құмар ойынын ойнайтындар анықталса облыс әкімінің апапаратына хабарлауды тапсырды. Оларға тиісті шаралар заң аясында қабылдануы керек деді әкім.  Сонымен бірге жиында аймақта ұрлық саны азайғаны айтылды. Десе де ұялы телефон мен мал ұрлығының саны артқан. Әсіресе, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сауран, Келес және Төлеби аудандарындағы ахуал алаңдатады.

 

Сондай-ақ, облыс әкімдігінде есірткі қылмысына қарсы күрес те сөз болды.  Бұған қатысты арнайы штаб отырысы өтті. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл есірткінің заңсыз айналымына қатысты 155 құқықбұзушылық анықталған. Интернет кеңістігінде синтетикалық есірткіні жарнамалау фактілеріне қарсы жұмыс та күшейтілген. Жыл басынан бері «Киберқадағалау» жүйесі арқылы 537 интернет-ресурс бұғатталған. Қоғамдық орындардағы есірткі жарнамасын насихаттайтын 225 граффити өшірілген.

Дилара Иса