Жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілгендерге төлемдер тағайындау басталды

508

 

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры еліміздегі төтенше жағдай кезеңінде еңбекақы сақталмайтын мәжбүрлі еңбек демалысына кетуіне байланысты табысынан айрылған жұмыс істейтін азаматтарға жаңа әлеуметтік төлемдердің алғашқы тағайындауын жасады. Бүгіннің өзінде бір адамға шаққандағы мөлшері айына 42,5 мың теңгені құрайтын әлеуметтік төлемді (ең төменгі жалақы) Алматының екі тұрғыны алып үлгерді.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жаңа төлем төтенше жағдай жариялануына байланысты жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген (жұмыстан босатылмаған) қызметкерлерге төленеді. Аталған төлемді алу үшін қызметкерлерге (жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар өзі үшін) төтенше жағдай енгізілгенге дейін соңғы 12 айда МӘСҚ-қа кем дегенде 3 ай бойы жарна аударуы қажет. Сонымен қатар, әлеуметтік төлем шағын, орта және микробизнес қызметкерлеріне; жеке кәсіпкерлерге (бұдан әрі – ЖК); жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор); БЖТ төлеушілеріне қолданылады.

Жаңа әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін жұмыс берушілер (ЖК, жеке практикамен айналысатын адамдар және БЖТ төлеушілер өз бетінше жүгінеді) «Электрондық үкімет» веб-порталында «Электрондық өтініш» сервисі арқылы жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға төтенше жағдай кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты олардың қызметкерлерінің кірісінің жоғалуын растайтын құжаттарды, қызметкерлердің тізімін және қызметкерлердің жалақысы сақталмайтын демалыс беру туралы бұйрықтан үзінді көшірмені қоса бере отырып өтініш беруі қажет.
Жұмыс берушілердің (ЖК және басқа санаттағы) өтінімдері негізінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) штаб әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім қабылдайды, ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері МӘСҚ төлем жасайтын қызметкерлердің тізімін дербес қалыптастырады. Әлеуметтік төлем қызметкерге жалақысы сақталмайтын еңбек демалысы кезінде, бірақ төтенше жағдайдың ұзақтығынан аспайтын мерзімде төленетінін ескерген жөн.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі