Биылдан бастап медицина саласындағы бірқатар қызметкердің жалақысы көтеріледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, инфекциялық қызмет өкілдері мен жедел жәрдем қызметкерлері жоғары жалақы ала бастайды.
Айта кетейік, бұған дейін, 2020-2023 жылдар аралығында дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, ал орта буын медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 20%-ға артқан еді. 2024 жылы жедел жәрдем жүргізушілерін қоса алғанда, медициналық емес қызметкерлердің жалақысы шамамен 18%-ға өсті. Дегенмен, жағдай бәрібір мәз емес.
Министрлік мәліметінше, бүгінде фельдшерлердің ең төменгі жалақысы 180-190 мың теңге аралығында. Ары кетсе, еңбек өтіліне қарай 260 мың теңгеге дейін баруы мүмкін. Жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері орта есеппен 160-180 мың теңге аралығында алады. Сонымен қатар, парламент былтыр заңнамаға медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған бірқатар түзету енгізді.
Тимур Сұлтанғазиев, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі: «Медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қызметтік міндеттерін атқару кезінде күш қолданғаны үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Медициналық мекемелерде 152 полиция бекеті жұмыс істейді және 626 қабылдау бөлімшелерінде дабыл түймелері орнатылды».
Ербол Тұрымбет







