Úı ANONS Жұмыссыздық бойынша төлемді қалай алуға болады?

Жұмыссыздық бойынша төлемді қалай алуға болады?

Қазақстанда жұмыссыздар саны артып келеді. Соған қарамастан, барлық азаматтар жұмысынан айырылған жағдайда төлем ала алмайды. Мұнда шешуші рөлді әлеуметтік аударымдар атқарады. Кімдер көмекке ие бола алады, оны қалай рәсімдеуге болады және неге кейбір жұмыс істейтін азаматтар жүйеден тыс қалып отыр.

 

Қазақстанда ресми түрде 329 мың жұмыссыз тіркелген, олардың басым бөлігі әйелдер. Шымкентте жұмыссыз нәзік жандылардың үлесі 60%-ға жетеді. Әлеуметтік аударымдар жүргізілген азаматтар жұмысынан айырылған жағдайда төлем алуға құқылы. Қазіргі таңда мұндай қолдауды 90 мыңнан астам қазақстандық алып отыр.

 

» 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді 90 730 адам алып жатыр. Төлемнің орташа айлық мөлшері шамамен 106 192,97 теңге, ал медианалық мәні 88 208 теңгені құрады».

ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

 

Жұмысынан айырылу бойынша жәрдемақы, бұл бұрын жұмыс істеп, табысынан айырылған азаматтарға арналған әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін қолдау. Төлем уақытша сипатқа ие және ең көбі алты айға дейін тағайындалады. Оған ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар ғана құқылы.

Жұмыссыз ретінде тіркелу үшін мансап орталығына жүгіну қажет. Ол үшін жеке куәлік пен электронды цифрлық қолтаңба керек. Өтінішті жұмыстан шыққаннан кейін 12 ай ішінде беруге болады. Мамандардың айтуынша, жұмыстан шығар кезде барлық әлеуметтік аударымдар толық жүргізілуі тиіс. Әйтпесе, жүйе оны табыс ретінде қабылдап, өтінішті кері қайтаруы мүмкін.

 

ДӘРИЯ ОРДАБАЕВА, АБАЙ АУДАНЫ бОЙЫНША МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Егер 6-12 ай жұмыс істесе – 1 ай төлем, 12-24 ай – 2 ай, 24-36 ай – 3 ай, 36-48 ай – 4 ай, 48-60 ай – 5 ай, 60 айдан жоғары – 6 айға дейін төлем тағайындалады».

 

Өткен жылы шамамен 7 миллион адам үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар жасалған. Алайда екі миллионға жуық жұмыс істейтін азамат жүйеден тыс қалып, әлеуметтік аударым жасамайды. Бұл оларды жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік қолдаудан айырады.