Науқастар Мұз сарайы мен мектептерге жатқызылмақ

644

Шымкенттегі вирустың таралуы тоқтамаса, Мұз сарайы да госпитальға айналады. Бүгін Мұрат Әйтенов жағдайдың алдын алу үшін қаланың бас дәрігерін қабылдады.

Қос тарап емделу орындарын көбейту мәселесін талқылады. Сондай-ақ, арнайы құрылғылар қатарын арттыруды көздеп отыр. Сөздерінше, Шымкентте дәрі-дәрмек пен аппараттар қоры жеткілікті.

Қаладағы госпитальдар қатарына енді Мұз сарайы мен мектептер қосылмақ. Жағдайдың алдын алу үшін осындай шешім қабылдаған қала әкімі бүгін Шымкенттің бас дәрігерін қабылдады. Жауаптылар емдеу орындарының 50-60 пайызы ғана толық екенін айтады. Алайда, атқамінерлер асқынған жағдайға дайын болу керек деп отыр.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Біз бұған дейін де қатерлі дерттің алдын алып келдік. Алгоритмді ойластырып, жоспар бойынша шара қолданып отырдық. Алайда, ел үйінен себепсіз шығуын доғарар емес. Салдарынан инфекция жұқтырғандар көбейіп кетті. Бәрі өзіміздің қолымызда. Егер сақтық шараларын жауапкершілікпен жасасақ, жағдай бұлай ушықпас еді».

Сондай -ақ, қала басшылығы құрылысы таяуда аяқталған госпитальға тек ауыр науқастарды қабылдауды ұйғарды. Және ондағы 30 пайыз орынның бос қалуы керектігін жөн көрді. Ал, пациенттерді емдеуге тек мықты мамандар іріктелмек.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Мұз сарайынынан госпиталь жасау мүмкіндіктерін қарастыру керек. Және қолданысқа берілмеген екі мектепте науқастарды емдеуге орындар дайындауға кірісіңіздер. Осы аптада 1 500 орын, келесі аптада 500 орын дайын болсын».

Қала әкімдігі тыныс алу аппараттарының да жеткілікті екенін айтады. Ол үшін бюджеттен 502 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржыға 3 арнайы аппарат, 200 тыныс алу аппараты алынған. Құрылғылардың қалған 70 пайызын жеке меншік инвесторлар әперіпті.

Рустам Албаев, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Қазір қолда 301 аппарат бар. Оның 70-і әлі пайдаланылған жоқ. 21-і осы аптада жеткізіледі. Тағы 40 данасына қосымша тапсырыс бердік. 55 аппаратпен келіссөз жүргізіліп жатыр».

Жауаптылар сондай-ақ дәрі-дәрмек қорының алдағы екі айға жеткілікті екенін жеткізді.

Назерке Үкібасова