Úı ANONS Өнермен өрілген ғұмыр: Музыка, сурет және өлең

Өнермен өрілген ғұмыр: Музыка, сурет және өлең

Тұрар Рысқұлов ауылында Николай Семешконы танымайтын жан кемде-кем. Тоқсанның төріне шықса да, тың жүрген қарияның бойында өнердің небір түрі тұнып тұр. Жасы ұлғайса да, жаны жас кейіпкеріміз бүгінде шығармашылық жоспарларын еш іркіліссіз жүзеге асырып келеді. Өнерлі қарияның шаңырағында біздің түсірілім тобы қонақта болып қайтты.

Николай Семешко баянның құлағында ойнап, әуезді әнімен айналасын тәнті етіп келеді. Алайда, бұл – кейіпкеріміздің көп қырының бірі ғана. Оның шаңырағы тек әнмен емес, тарихпен де көмкерілген. Қарапайым үй бүгінде нағыз мұражайға айналған екен. Мұндағы соғыс техникаларының макеті, майданға аттанған жерлестерінің портреттері мен көркем пейзаждар – қолөнердің озық үлгісі. Расында да, Түлкібас жерінің табиғаты өзгеше, ал кейіпкеріміз сол сұлулықты қылқаламмен шебер жеткізе білген.

Николай Василиұлы қылқаламды алғаш рет мектеп қабырғасында жүргенде қолына алған. Содан бері сурет салу — оның өмірінің ажырамас бөлшегі. Ол осынау жылдар ішінде жүздеген картинаны дүниеге әкеліп, тіпті кезінде театр мен кино әлемінің де жарнамасын өз қолымен салған. Жомарт жан баға жетпес еңбектерінің көбін жақындары мен көршілеріне сыйға тартыпты. Сегіз қырлы қария бұдан бөлек, қағаз бен қаламды да жанына серік етіп, өлең мен  әңгіме жазады екен.

НИКОЛАЙ СЕМЕШКО, СУРЕТШІ: «Өмірдің қызығы — үнемі қозғалыста болып, бір іспен айналысқанда. Қолың бос болмай, бірдеңе жасап жатсаң, өзіңді жақсы сезінесің. Ал жасаған еңбегіңді жұрт көріп, саған риза болып, «рақмет» айтып жатса, одан асқан қуаныш жоқ».

Аталарының өнеріне сүйсінетін ұрпақтары да оның шығармашылық жолындағы ізденістеріне әрдайым демеу болып отыр. Мұндай қамқорлық Николай Семешкоға күш сыйлап, өмірге деген құштарлығын арттырады. Тоқсанды алқымдаған кейіпкеріміз үшін халыққа пайда тигізу мен қоғамға өзінше үлес қосу — өмірлік ұстанымына айналған.

«Мына бір медаль — Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда жұмыс істегенім үшін берілген. Ал екіншісі — колхозда өрт сөндіру көлігінде жүргендегі еңбегім. Бірде шұңқырдағы асфальт тұтанып, оны қалай өшіруді ешкім білмей дал болды. Ал оны сөндіру үшін арнайы көбік керек еді, соны қолданып өртті ауыздықтадық».

Николай атай бүгінде сүйікті ісімен шұғылданып, мазмұнды ғұмыр кешіп жатыр. Тоқсанда болса да, сурет салудан, музыкадан және әдеби ізденістерден қол үзген емес. Қария үшін жас мөлшері — өнерге ешқандай кедергі емес.

Бота Әнуар