Қорымдар күтімсіз қалды…

495

Қаланың іргесіндегі Жібек жолы көтерме сауда базарының жоғарғы жағында орналасқан христиандардың зираты күтіміне қатысты шағымдар толастар емес.

Мәңгілік мекенде қоныстанған туыстарын еске алуға келгендер қордаланған қоқыстан аптап ыстықта өрт жиі орын алып жатқанын алға тартуда.

Галина Дарьина дүниеден озған өмірлік серігіне сағынышын басу үшін туыстарымен жолдасының бейітіне жиі келіп тұрады. Әр келген сайын зираттағы қоқысты көріп көңілі құлазиды.

Галина Дарьина, қала тұрғыны: «Жолдасым сәуірдің 10-на қайтыс болды. 11-не жерлеген едік. Содан бері мына жердегі қоқыс жиналмаған. Жаным ауырады. Қорымның күтіміне жауап беретін мекеме бар емес пе? Айнала қураған шөп, өрт қауіпі әсіресе шілдеде күшейеді. Жауаптыларға өтінішіміз, зираттарды күтіп ұстауға көңіл бөліңіздерші».

«Өрт болған жағдайда сөндіруге су да таппайсың. Осындағы темір ыдыстар мүлдем толтырылмайтын сыңайлы. Қорымдағы жасыл желекті суғаруға суды қаладан тасимыз»,- дейді тұрғындар.

Надежда Тучкова, қала тұрғыны: «Қорымның күтіміне қатысты кімге арызданбадық. Алайда бір жыл өтті нәтиже жоқ. Сол баяғы қордаланған қоқыс. Оны шығаратын мекеме бар ма өзі? Жауын шашында бейітке жетудің өзі мұң. Мұнда қарттар жиі келеді. Сүрініп, шұңқырларға құлап та жатады».

Шымкент қаласы аумағындағы 70 қорымның он бірі христиан зираты, қалғандары мұсылмандар қорымы. Ағымдағы жылы зираттарды күтіп ұстауға бюджеттен 49 млн. теңге бөлінген. Жібек жолы базарының төңірегіндегі христиан зираты аумағын күтіп ұстауға өткен мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы қазіргі таңда соттасып жатыр. Жұмысы уақытша тоқтатылған.

Нұрлан Жаманкөз, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының м.а.:» Конкурс өтті, «Бюроспецобслуживание» ЖШС-і ұтып алды. Бірақ бір мекеме олардың үстінен сотқа талап арыз беріп, қазір сот процессі жүріп жатыр. Сот шешімі мекеменің пайдасына шешілмесе, қайта конкурс өтіп, зираттың күтімін қамтитын мекеме анықталады».

Аталған процедуралар аяқталғанша жоғарыда аталған зират қараусыз қалмақ. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасындағылардың айтуынша қазіргі таңда Тассай, Таскен, Сайрамдағы мазараттарда ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Онда қоршаулар жаңаланып, қорым аумағындағы жолдарға тас төселуде.

Шынар Оразова