Әзірге шағын бизнестің 10 пайызы ғана жұмысын бастады

237

5 айға жалғасқан карантин шектеулері Шымкентте де жеңілдей бастады. Бүгін қаламызда ашық алаңдағы ойын-сауық орталықтары өз жұмысын қайта бастады.

Жаз бойы жұмыс істемеген бұл жерге келгендер қарасы аз емес. Ашылған паркті көрген балалар ғана емес, ата-аналар қуанышында да шек жоқ.

«Балалар күтеді ғой. Парк жабылып қалғаннан кейін бәрінің іші пысып қалды ғой. Я мектеп жоқ, я парк жоқ. Ашылғанына қуаныштымыз. Жақсы болды.

«Керемет көңіл-күйлері. Көрініп тұрған шығар. Сыймай жатыр өз-өздеріне. 8 баламен келдім. Маска бар. Қауіпсіздікті сақтап жүрміз» дейді қала тұрғыны.

Карантин шектеулері жұмсарды деп қала тұрғындарының кейбірі бетперде тағуды да ұмыт қалдырғандай. Сән салондары мен сауда орталықтарына ағылып жатқандардың да қарасы қалың. Айта кетейік, рұқсат етілгенімен Шымкентте бірнеше кәсіпкерлік нысандарының көбі ашылмаған. Себебі, міндетті тіркеуден өтуі тиіс.

Рүстем Таубалдиев, жеке кәсіпкер: «Мен «Инфоқазақстан» сайтына кеше кірдім. Бірақ ашылған жоқ. Бір күн бойы соны аңдып, ақыры тіркеле алмадым. Әйтеуір, бүгін бір сағат дегенде тіркеуден өттім. Және міндет етілген құжатты қолыма алдым. Сән салоны енді бүгін емес, ертең ашылады».

Ал, қалалық кәсіпкерлер палатасы басшысының бизнес өкілдері тіркеуден өтуі тиіс платформада ешқандай ақау жоқтығына сенімді. Сөзінше, тіркеуден өту бар болғаны бір минут қана уақытты алады. Егер кәсіпкер тіркеуден өтпей жұмыс бастаса, онда әкімшілік жазаға тартылады.

Нұрлан Қабыштаев, Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасының директоры: «Кез-келген санитарлық қаулыны қалай қабылдамасаңыз, тіркеуден өтсеңіз әкімшілік жазаға әкеп соғады».

Айта кетейік, Шымкентте 70 мыңға жуық шағын бизнес иесі бар. Бүгінге дейін олардың 10 пайызы ғана жұмысын қайта жалғастыруға рұқсат берілетін тіркеуден өтіп үлгерген.

Назерке Үкібасова