Қазіргі таңда мал ұрлығының алдын алу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Ол үшін арнайы рейдтік шаралар да ұйымдастырылуда. Осы тарапта Түркістан облыстық Полиция департаментінің жедел-қызметтік жұмысының басым бағыттарының бірі бөтен мүлікті ұрлаудың, оның ішінде мал ұрлығының алдын алу және жолын кесу болып табылады. Бұл бағыттағы негізгі іс-шаралар 2018-2020 жылдарға арналған «бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл» ведомстволық бағдарламасы жоспарының тармақтарын орындау шеңберінде іске асырылуда. Жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде Түркістан облысында мал ұрлығының жалпы саны 30,1% (365-тен 255-ке дейін) төмендеген.
Қылмыстың алдын алуда ауқымды жұмыстар атқарып жатқан тәртіп сақшыларының нәтижесі де жаман емес. Полицейлер 77 мал ұрлығына қатысы бар 35 азаматтан құрылған 13 қылмыстық топты ұстады.
Түн жамылып жортуылдайтын барымташылардың жолын кесу де оңай шаруа емес. Күн көрісі мал шаруашылығына қарап отырған ауылдағы ағайынның төрт түлігіне тыныштық бермей үптеп кететіндерге тосқауыл қойып, мал ұрлығының алдын алуда нәтижелі жұмыс атқарып жатқан тәртіп сақшыларына ауылдықтардың алғыстан басқа айтары жоқ.
Бірер мысал… Криминалдық полиция қызметкерлері биылғы жылдың мамыр айында жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Түркістан және Кентау қалаларының аумағында мал ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады. 5 адамнан тұратын топ 3 жыл бойы ауыл адамдарын қан қақсатып келген.
Тергеу барысында қылмыстық топтың 19 мал ұрлығына қатыстылығы дәлелденді. Барымташылар барлығы 125 жылқы мен 30 бас ірі қара малды жымқырған. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілерден 19 жылқы мен 9 сиыр тәркіленіп алынды.
Барымташылардың тағы бір қылмыстық тобы ағымдағы жылдың маусым айында ұсталды. 7 адамнан тұратын қылмыстық топ облыстың үш ауданы: Қазығұрт, Сарыағаш және Төлеби аудандарында мал ұрлығын кәсіп еткен. Полицейлер күдіктілердің 264 бас жылқыларды ұрлап, мал ұрлығының 16 жайтына қатысы барын анықтады. Айғақты зат ретінде күдіктілерден 69 бас жылқы тәркіленді. Қазіргі уақытта қылмыстық топ мүшелеріне қатысты қылмыстық істердің жинақталған материалдары айыптау актісімен заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Сонымен қатар, Түркістан облысының полициясында мал ұрлығының алдын алу мақсатында облыстық Полиция департаменті басшылығының қатысуымен халықпен жиындар өткізу тәжірибесі енгізілді. Жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторларының халықпен 375 кездесуі өткізілді. Қорадағы төрт тұяқтыларына ықтиятты болуды барынша түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізілуде.
Тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарымен мал ұрлығының алдын алу бойынша шаралар қабылдау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Онда мал басын анықтаудан және ұжымдық жайылымды ұйымдастырудан бастап, қазіргі заманғы технологиялық құралдарды қолдануға дейін айтылуда. «Мал иесі — жергілікті атқарушы орган — бақташы» үш жақты келісімшарт жасау жобасы аясында 5,5 мыңнан астам келісімшартқа қол қойылды.
Түркістан облысы ПД-нің полицейлері үй жануарларын тасымалдаумен айналысатын автокөліктерді, оның ішінде Республикалық маңызы бар трассаларда бақылау және тексеру бойынша тұрақты негізде профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзғаны және ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзғаны үшін учаскелік инспекторлар 700-ден астам тәртіп бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Мал ұрлығының алдын алуда бітіспес майданға кіріскен тәртіп сақшылары барымташылардың жолын кесуде күн, түн демей қырығылықпен жұмыс атқаруда. Өз кезегінде бүгінде бағасы ұшып тұрған төрт түлігіне ықтиятты болуды да ескертеді.
Айбар Нұргелдиев