Саңыраулар қоғамындағы өндіріс цехтарының толыққанды жұмыс істеуіне билік тарапынан ешқандай кедергі жоқ.

Шымкент қаласындағы кәсіпкерлер палатасындағылар осылай дейді. Жиһаз цехының мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысуына мүмкіндік беретін қажетті сертификатты алуға өтініш электрондық портал арқылы былтыр маусымда түскен. Алайда тиісті құжат жиынтығы тапсырылмапты.

Айгүл Қожабаева, Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының маманы: «Талаптар мен ережелерге сәйкес, индустриалдық сертификатты алу үшін бірқатар құжаттарды тапсыру шарт. Олардың негізгілері- ағаш өндіру өндірісі ассоциациясының сарапшы тұжырымы қажет. Қазақ саңыраулар қоғамы басшылығы бұл құжатты тапсырмаған. Кәсіпкерлер палатасы сала сарапшыларының қорытындысынсыз индустриалды сертификатты бере алмайды».

Естеріңізге сала кетейік,  Қазақ саңыраулар қоғамындағы өндіріс орындарының тапсырыспен қамтылуы және де уақытша тоқтап тұрған цехтар жайлы мәселені көтерген болатынбыз.

Әзірге жалғыз жиһаз цехы жекелердің тапсырыстары бойынша жұмыс жасауда. «Кәсіпкерлер палатасындағы мамандар қолдау көрсетуге дайынбыз, тек құжаттарын толық тапсырса болғаны»,- дейді.

Шынар Оразова