Шымкенттік тәртіп сақшылары карантин кезінде небәрі екі той өткізу фактісін анықтапты

213

Шымкентте карантин тәртібін бұзу тыйылар емес. Қаланың бас полицейінің сөзінше ережеге көше жүргіншілерінен бастап, жеке кәсіпкерлердің да бағынатын түрі жоқ. Осы уақытқа дейін қалада 78 ресторан, клубтың астыртын жұмыс істегені анықталған. Тағы 19 сауна, монша мен шаштараз келушілер қабылдауды тоқтатпай келген.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы: «Бұдан бөлек қоғамдық тәртіп сақтау кезінде 139 құқықбұзушылық анықталған. Онымен қатар 45 жеке тұлға көпшілік орында бетпердесіз жүргені анықталды. Бүгінге дейін 13 млн. 85 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Карантин талаптарын бұзғандардың басым бөлігі бетперде тақпағандар, қызмет ұсынушылар, бір реттік қолғап кимегендер».

Көше жүргіншілері мен жеке кәсіпкерлерді тәртіпке шақырған Жұмаханбетов өз қызметкерлерінің ереже бұзбайтынын айтады. Сөзінше, карантин басталғалы қаладағы бірде-бір полицей тәртіп бұзбаған. Және ешқайсысы жазаланбапты.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы: «Біз егер өзіміз тәртіп сақтамасақ, біз басқа жұрттан қалай тәртіп сұраймыз? Полицейлер ішінде әкімшілік құқыққа тартатын ешқандай жағдай болған жоқ».

Алайда қаланың бас полицейінің есінде болмағанымен, пандемия басталғалы полиция қызметкерлерінің тәртіп бұзған кездері ел есінде. Мәселен, бір пагонды төтенше жағдай кезінде дәмханада түскі ас ішіп көзге түссе, екіншісі 20 жылдық тойлаймын деп желі жұлдызы болды. Оның алғашқысы жұмыстан шеттетілсе, екіншісі…

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы: «Оны біз айттық. Ешкімнен жасырып жатқан жоқпыз. Ол жігіт қызметінен босатылды».

Айта кетерлігі, шымкенттік тәртіп сақшылары карантин кезінде небәрі екі той өткізу фактісін анықтапты. Мейрамханада өткен отбасылық жиынның екеуі де қыз ұзату екен.

Назерке Үкібасова